ТІЛСІЗ ЖАУДАН САҚТАНЫҢЫЗ!
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Жаңа жыл кезіндегі жазатайым оқиғалар жайлы сөз қозғалды. Аймақта мереке қарсаңында өрт жиілеген. Осы уақыт аралығында 7 оқиға тіркеліп, оның 4-еуі тұрғын үй секторында орын алған. 1 өрт оқиғасы өндіріс аймағында тіркелген. Сондай-ақ 1 автокөлік отқа оранған.
Тілсіз жаудың салдары электр жабдықтарын монтаждау, техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы және жылыту пештері мен түтін шығатын мұржалардың және тұрмыстық газдардың дұрыс пайдаланылмауы салдарынан орын алған. Сөйтіп, өрт шығуына әкеліп соққан.
– Пиротехникалық бұйымдарды сату орындары өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс. Ерекше температуралық-ылғалдылық режимін сақтау қажет. Сату арнайы жабдықталған үй-жайларда, павильондарда жүргізіледі. Ақаулары және бүліну белгілері бар өнім айналымға жіберілмейді, – дейді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Жақыпбаев.
Республика көлемінде жыл сайын пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт оқиғасы көптеп тіркеледі. Қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы салдарынан орташа есеппен осындай 9 тосын оқиға орын алған. Осыған байланысты тез тұтанатын жарылғыш заттарды пайдалану кезінде барынша абай болу қажет. Мамандардың айтуынша, оны қолданудың өзі қауіпті. Осыған байланысты жауаптылар арнайы сақтану ережесін бекітіп, кесте ұсынып отыр.
Тыйым салынады:
– ғимараттар мен құрылыстардан 50 метрден жақын жерде орналасуына;
– оларды желді ауа райында қолдануға;
– жағылған пиротехникалық бұйымды қолда ұстауға;
– жарылғыш бұйымдарды адамдарға бағыттауға;
– жағылған немесе жұмыс істемеген бұйымдардың үстіне жату, сондай-ақ жақындап, оларды қайтадан жағуға тырысуға;
– балаларға пиротехниканы пайдалануға беруге;
– оларды үйде пайдалану немесе балкондардан ұшыруға тырысуға.
Сондай-ақ брифингіде пиротехникалық жарылғыш заттарды тек мамандандырылған дүкендерде және сертификаттары болған жағдайда ғана сатып алуға рұқсат етілетіні ескертілді. Осындай бұйымдарды сату орындарында мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіре отырып, рейдтік, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Пиротехникалық бұйымдарды сату орындары да өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болу қажет. Арнайы температуралық және ылғалды режим сақталуы қажет. Мысалы, шырша орнатылған бөлмеге кілем төсеуге болмайды. Мамандар шыршаның тұрақты тұғырда және жылыту аспаптарынан, батареялардан алыс тұруы тиіс екенін айтты. Олар барынша өрт қауіпсіздігін сақтауға кеңес берді.
– Үй-жайлардың терезелерінде торлар болған кезде, іс-шаралар жүргізуге, доғалық прожекторларды, шамдар мен шаппаларды қолдануға, отшашулар, жарықты өрт қаупі бар дүниелерді жасауға жол берілмейді. Біз тұрғындарды және қоғам белсенділерін, БАҚ-ты қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға шақырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана төтенше жағдайлардың алдын алып, оның зардаптарын барынша азайтуға болады, – дейді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Жақыпбаев.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында 673 өрт тіркелген. Өрт кезінде 29 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алған.