Тілге құрмет – елге құрмет
Қазақстан халқының тілдері күні – еліміздегі тілдерге деген құрметті арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін насихаттайтын маңызды мереке. Биыл Қарағандыда атаулы күнге орай ұйымдастырылған «Тіл-FEST» қалалық фестивалі жаңа форматта өтіп, тұрғындарды қазақ тілін үйренуге және оны күнделікті өмірде қолдануға шақырды.
Фестивальдің ерекшелігі – тіл тақырыбын дәстүрлі форматтан бөлек, қала тұрғындарына қызықты әрі қолжетімді түрде ұсынуында. Шараға ұстаздар, өндіріс саласының мамандары, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік бағдарлама «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында өткен «QazaqOpen» ашық есік күнінен басталды. 160-тан астам адам орталықтың жұмысымен танысып, қазақ тілін меңгеруге арналған мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, тіл үйренудің түрлі бағыттарымен танысты.
Тіл мерекесі ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен де сабақтасты. Осыған орай «QalamTime» жалпыхалықтық диктанты ұйымдастырылып, қала тұрғындары қазақ тіліндегі сауаттылығын сынады. Бұл бастама ұлы ағартушының мұрасын дәріптеп қана қоймай, жазу мәдениетіне деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік берді.
Фестивальдің негізгі бөлігі қаланың бірнеше қоғамдық алаңында жалғасты. «Таир» сауда үйі, «Global City» сауда орталығы және Жаңа Майқұдық саябағында тұрғындарға арналған түрлі бағдарламалар ұсынылды. Шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, тілдік викториналар, ұлттық ойындар мен тақырыптық сауалнамалар ұйымдастырылды. Белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – қазақ тілін тек ресми ортада қолданылатын тіл ретінде емес, күнделікті қарым-қатынастың табиғи бөлігі ретінде қалыптастыру.
– «Тіл-FEST» фестивалінің мақсаты – тұрғындарға қазақ тілін үйренудің мүмкіндіктерін көрсету және мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру. Биылғы шараға қала тұрғындары белсенді қатысты. Әсіресе «QazaqOpen» ашық есік күні мен «QalamTime» диктанты көпшіліктің көңілінен шықты. Тілді бір күндік шара емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырсақ, оның қолданыс аясы да кеңейе түседі, – деді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының басшысы Эльмира Орынбаева.
Қарағандыдағы «Тіл-FEST» фестивалі осылайша мерекелік шарадан гөрі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қоғамдық бастамаға айналды. Қазақстан халқының тілдері күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін сабақтастырған іс-шаралар тұрғындарды тілге құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақ тілін күнделікті өмірде кеңінен қолдануға үндеді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

