Тіл маманы — сурдоаудармашы
31 қазанда бүкіл әлемде сурдоаудармашылар күні атап өтіледі. Ым-ишара тілін меңгерудің әдіс-тәсілі оның қаншалықты күрделі екені жайында ымдау тілі маманы Жанел Түкебаевадан сұрап көрдік.
Жанел Түкебаева – сурдоаудармашылық саласында 10 жылдық тәжірибесі бар, ымдау тілі маманы, құлағы нашар еститін және сөйлей алмайтын адамдарға көмек көрсетуде елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамы. Ымдау тілі арқылы Жанел сияқты мамандар осы жандардың қоршаған ортаны түсінуіне, қоғаммен араласуына және маңызды ақпаратты толыққанды қабылдауына көмектеседі. Олардың еңбегі – әлеуметтік қолдау мен инклюзияны нығайтудағы маңызды қадам.
– Мен ымдау тілі маманымын. Бұл тілді бала кезімнен меңгердім, өйткені, әпкемнің есту қабілеті нашар болғандықтан, отбасымызбен ымдау тілі арқылы сөйлесетінбіз. Кейін арнайы курсты тәмамдап, кәсіби маман болдым, – дейді Жанел Түкебаева.
Жанел сурдоаудармашылық курсын құлағы кеміс жандарға арналған мәдениет үйінде аяқтаған. Бастапқыда ол күнделікті қолданатын ымдаулардан ғылыми деңгейдегі ымдау тіліне көшудің қиын болғанын айтады. Себебі, бір қимылдың өзі тұтас сөйлемді білдіруі немесе бір сөзді жеткізуі мүмкін. Бұған қоса, ымдау тілінде заманауи сөздер мен ұғымдардың аудармасы әлі толық қалыптаспаған, бұл да қосымша қиындықтар туғызады. Дегенмен, Жанел табандылықпен жұмыс істеп, сурдоаудармашы кәсібін жетік меңгерді.
– Ым тілінде біз ым-ишарамен де, әліпби арқылы да сөйлесе аламыз. Тілдесу барысында мимика, артикуляция және қозғалыс сияқты элементтер қолданылады. Болашақта мен ести алмайтын балаларды осы тілге оқытқым келеді, себебі, олар үшін бұл маңызды. Сонымен қатар, ересек адамдар да қандай да бір себептермен есту қабілетін жоғалтып жатады, сондықтан оларға да ымдау тілін үйрету керек, – дейді сурдоаудармашы.
Қазіргі уақытта Жанел аймақтық телеарнада сурдоаудармашы болып жұмыс істейді, сонымен қатар жеке тәжірибесін де жалғастыруда. Ол алдағы уақытта ымдау тілін үйрету бойынша курстар өткізіп, жылдар бойғы тәжірибесімен бөлісуді жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – осы саладағы білім мен дағдыларды басқаларға үйретіп, мұқтаж жандардың өмірін жеңілдету. Жанелдің айтуынша, балалармен қатар ересек жандарды да оқыту қажет, өйткені, кейбір адам есту қабілетін жоғалтқаннан кейін қоғамнан алыстап қалмауы үшін ымдау тілін меңгеруі керек.
Жанел Түкебаеваның еңбегі – адамгершілік пен жауапкершіліктің айқын үлгісі. Ол тек өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп қана қоймай, қоғамға үлкен үлес қосуда. Жанелдің бұл саладағы жетістіктері оның еңбексүйгіштігі мен адамгершілік қасиетінің арқасында жүзеге асып отыр. Ерекше тіл маманына алдағы бастамаларында сәттілік тілейміз, оның еңбегі көптеген адамның өмірін жақсартуға бағытталған игі іс.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»