ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ТҰҒЫРЫ, РУХЫ МЕН НАМЫСЫ

Ұлттық сана қалыптастыруда тілдің алар орны ерекше. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл деп танылды. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесі – ел мәртебесі.

Қарағанды мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара қонақтары қазақ тілінің білім беру және ұлттық бірегейлік саласындағы коммуникативтік рөлін талқылады. Іс-шара ұлттық көрмеден басталды, онда оқушылар мен оқытушылар ұлттық дәстүрлерді, ұлттық тағамдар мен музыка өнерін дәріптеді. Оқушылар қонақтарды салт-дәстүрге қатысты көрініспен, мың бұралған бимен қарсы алды.

Дөңгелек үстелге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, білім бөлімдері басшылары, Қарағанды облысы Білім басқармасының ғылыми-зерттеу комиссиясы мүшелері және қазақ тілі оқытушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында мектептерде қазақ тілін оқытудың заманауи талаптары мен дамыту мәселелері көтерілді. Мемлекеттік тілді бала бойына бастауыш сыныптан бастап сіңіру жайы сөз болды. Тіл үйретудің түрлі ел тәжірибесіндегі әдіс-тәсілдері талқыланды. Әрбір тарап ойларын ортаға салып, оқытушылар ұсыныстарын айтты.

– Іс-шара Білім басқармасының қолдауымен өткізіледі. Күн тәртібіндегі сұрақтар өте маңызды. Олар білім беру саласындағы қазақ тілінің коммуникативтік рөліне қатысты. Балаларды оқытудың заманауи тәсілдері, болашақта атқарылатын істер талқыланды. Қазақ тілі мұғалімдерінің өздері белсенді қатысты. Барлығы жоғары деңгейде өтті, – дейді Қарағанды облысы Білім басқармасының бас маманы Арайлым Серікова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ең әуелі мемлекеттік тілді насихаттау үшін қажет. Әсіресе білім ордаларында тіл үйрету жұмыстарына баса назар аударылмақ.

Нұрәсем АХАН,«QH»