Терек мамығы

Маусым айы басталса, терек мамығы ұшып, әсіресе аллергиясы бар жандардың мазасын қашырып, ауруын қоздырады. Терек мамығы көп жағдайда өрт тұтануына да түрткі болып жатады. Көшені ақ мамық басқалы, Қарағандыда қанша өрт оқиғасы тіркелді?

Елдің мазасын қашырған терек ұлпасы 2019 жылы тіркелмеген. Мамандар мұның себебін маусым айында жауын-шашынның көп болуымен байланыстырады. Терек мамығы маусым айының алғашқы онкүндігінде ұлпа шашады. Мұның аллергиясы бар адамдар үшін қолайсыздық туындатары анық. Ауруы қозып, бет әлпеті ісіп, көзі қызарып, тыныс алуы қиындай түседі. Бүгінде қарша бораған терек мамығының қолайсыздық келтіріп тұрғаны анық. Ең сорақысы – балалар осы ақ ұлпадай шашылған терек мамығын тұтатып қызық көруде.

– Жаз айының келуімен қатар өрт қаупі артады. Қазіргі таңда терек мамығы өрт тұтануына соқтырады, өйткені ұлпамен ойнаған балалар от жағады, жасаған істерін қызық көреді. Балаларға ерекше назар аударуларыңызды сұраймын. Өрттің тұтануы оңай, қоқыстан шыққан өрт салдарынан көліктер отқа орануы мүмкін, – дейді Қарағанды қалалық ТЖБ басшысы Бауыржан Хабдулин.

Терек мамығы тез тұтанып лаулай жөнеледі. Осының салдарынан маңайда өрт тұтанып жатады. Тілсіз жау алдымен теректі қамтып, осыдан соң маңайындағы үйлер мен заттарды жалмай бастайды. Ойын баласы тұтататын мұндай өрт көбіне ауладағы көліктерге де қатерлі. Қазіргі кезде ересектердің балаларға терек мамығын тұтатып ермек қылудың соңы үлкен қауіп-қатерге ұласатынын түсіндіргені абзал. Бүгінгі күні теректердің мамығы толық түсіп болған жоқ, сол себепті өрт қаупі сейілді деуге келмейді.

– Терек мамығы маусым айында ұлпа шашады. Екі-үш аптаға созылады, сол кезде өрт тұтануының қаупі күшейеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздік ережелерін сақтауын сұраймыз. Темекінің сөнбеген тұқылы, дәнекерлеу жұмыстары өрттің тұтануына жол береді. Жер үй тұрғындарының аулаға су себу арқылы ұлпаның ұшпауына ықпал етуін сұраймыз, – деп тоқталып өтті Бауыржан Хабдулин.

Балаларын қадағаламаған ата-аналарға айыппұл салынады. Бүгінгі күні терек мамығы салдарынан орын алған бірнеше өрт тіркелген.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»