Теміртауда металлургтер марапатталды
Теміртау тұрғындары үшін Металлургтер күні – ерекше мереке. Қаланың тарихы елдің металлургия саласының қалыптасу шежіресімен тығыз байланысты. Дәл осы жерде 80 жыл бұрын алғашқы қазақстандық болат шығарылды.
Кәсіби мереке құрметіне «Qarmet» АҚ жұмыскерлер тобы жемісті еңбегі, елдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Құрмет» орденіне жеті адам, III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне 11 адам ие болды. Тағы 13 қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып,
жетеуі ҚР Президентінің Құрмет грамотасына ие болды.
Мемлекет басшысының атынан марапатты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті.
– Біздің аймақ Қазақстанның тау-кен металлургиялық астанасы болып саналады. Бұл сала қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбегі зор, – деді өңір басшысы. – Біздің алдыңғы буын өкілдерінің еңбегінің арқасында бүгінде қазақстандық металлургияның алғашқы алпауыты – біздің комбинат Қазақстанда шығатын болаттың басым үлесін өндіріп келеді. Сонымен қатар, комбинат Қазақстанда өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің 25%-ын қамтамасыз етеді. Мұнда әрбір отбасы, әрбір тұрғын Қазақстандық Магнитканың дамуына өз үлесін қосуда.
Металлургтерді Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев құттықтады.
– Металлургтер күні – бұл комбинаттың ұлы тарихына қаныққан нағыз ерліктің, күштің, өмірлік энергияның мерекесі, – деп атап өтті ол. – Мемлекет басшысы қызметкерлеріміздің еңбегін осылай жоғары бағалағаны біз үшін өте маңызды. Бүгін Карметтің жаңа дәуірі, нағыз қайта жандану дәуірі басталады!
Марапатталғандардың қатарында тәжірибесі мол қызметкерлер мен жас мамандар бар.
«Құрмет» орденінің иегері Владимир Филиппов комбинатта жарты ғасырға жуық еңбек еткен. Ол қарапайым жұмысшыдан бастаған, ал қазір оның лауазымы – жоспарлау және жедел басқару жөніндегі директор.
– Мектептен кейін бірден әкем мені комбинатқа алып келді. Содан кейін үш жыл әскерде қызмет еттім. Қызметтен кейін комбинатқа оралдым, үздіксіз өңдеу қондырғыларын басқару постының операторы ретінде қабылдандым, сонымен қатар зауыт-жоғары оқу орнының кешкі бөлімінде оқыдым, – деді Владимир Филиппов. – Менің еңбегімді бағалағанына өте қуаныштымын. Барлық металлургтерді мерекемен құттықтағым келеді, зор денсаулық, бақыт, амандық, ертеңгі күнге сенімділік тілеймін.
Дастан Ахетов комбинатқа жұмысқа үш жыл бұрын орналасқан. Жас маман конвертер цехының қызметін басқарады.
– Менің марапатым – бүкіл команданың еңбегі. Металлургия – бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін күрделі мамандық, – дейді ол.
Қазақстанда Металлургтер күні шілденің әр үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Кәсіби мереке 2003 жылы құрылды.
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/813099?lang=kk