Телевизия майталманы

Адал еңбек қашан да жоғары бағаланады. Біз әр нөмірде жүрегі қалаған іспен айналысып, айналасына үлгі бола білген жандарды ұлықтауды қолға алғанбыз. Бұл жолғы кейіпкеріміз – ерекше жан. Ол ғұмырының 40 жылын Арқа телевизиясының өркендеуіне арнады. Көгілдір экран алдындағы көрерменнің сүйіктісіне айналып, аймақтағы ақпарат саласының өркендеуіне үлес қосқан ардагер журналист Галина Рахимова.

Кейіпкеріміз 1938 жылдың 20 мамырында Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды тау тұлғалардың туған жері Көкшетау өңірінде дүниеге келген екен. Қарағанды қаласына 1956 жылы келіп, Педагогикалық институттың тарих және филология факультетіне оқуға түседі. Негізгі мамандығы – «Қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі». Әйтсе де тағдыр бұл кісіге мектеп мұғалімі болуды емес, Қарағанды тележурналистерінің ұстазы атануды жазыпты.

Студент кезінде-ақ алғырлығымен көзге түскен Галина Сағындыққызы 1959 жылы ашылғанына небәрі бір жыл ғана болған Қарағанды телевидениесіне диктор болып жұмысқа орналасады. Ол кезде үшінші курс студенті еді. Әйтсе де талантты да талапты жас оқу мен жұмысты қатар алып жүруді қиындық көрмеді. Қайта оқу ордасындағы түрлі қоғамдық шараларға белсене араласып, шығармашылығын шыңдай түседі.

Галина Сағындыққызының бір ерекшелігі – ізденуден талмайтын ерек қасиеті. Ол кісі дикторлық өнердің қыр-сырын меңгеру жолында Алматы мен Мәскеу қалаларында есім-сойы елге танымал А.Азимбаев, А.Байжамбаев, М.Сеитов, Ю.Б.Левитан, Ю.Ярцев, О.Высоцкий сынды тұлғалардан дәріс алады.

Ақпарат саласында еңбек ете жүріп Қарағанды қаласының, облыстың, тіпті республиканың қоғамдық өміріне белсене араласты. Партия ұйымдарында хатшы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ленин аудандық Халық депутаттары кеңесінің депутаты, Мәдениет қызметкерлерінің республикалық комитетінің мүшесі атанды. Әйтсе де дикторлық қызметтен қол үзбей, аттай 40 жыл ғұмырын осы салаға арнады. Өзі ғана көптің көзайымына айналып қоймай, қаншама жас маманның шыңдалуына, елге танымал тұлға болып қалыптасуына жол ашты. Бұл еңбегі ескерілді де.

Шығармашылықтағы ерен еңбегі үшін «КСРО телевидениесі мен радио үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және «Мәдениет қайраткері» төсбелгілерімен марапатталған. Бұдан бөлек басқа да көптеген алғысхат пен құрмет грамоталарының иегері.

Галина Рахимова 1998 жылы ақпарат майданын соңынан ерген жас әріптестеріне табыстап, құрметті еңбек демалысына шықты. Зейнетке шыққан соң да 15 жылға жуық мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілінен дәріс оқып, ана тілінің өркендеуіне үлес қосты. Ал 2008 жылдан бастап Қарағанды облыстық телевидениесінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы лауазымына сайланды.

Иә, Галина Сағындыққызы Арқадағы алғашқы телевизияның пайда болуы мен қалыптасу кезеңдерін көрді. Түрлі қиындықтарды бастан өткерді. Әйтсе де асқан төзімділік пен қажыр-қайрат көрсетіп, мамандығына адалдық таныта білді. Сонысымен де құрметті!