«Тексеру комиссиясының дөңгелек үстелі: спорт саласындағы бухгалтерлік есептің сапасын қалай арттыруға болады»

2026 жылғы 21 мамырда Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шараға Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, оның ведомстволық бағынысты мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – спорт ұйымдарында бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезінде заңнама бұзушылықтарының алдын алу бойынша бірлескен жұмысты кеңейту.

Тексеру комиссиясының мүшесі Гүлмира Төленова қатысушыларды Дене шынықтыру және спорт басқармасының 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларымен таныстырды.

Әрбір әкімшінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі ведомстволық бағынысты мекемелердің көрсеткіштері негізінде қалыптастырылады. Сондықтан әр деңгейдегі ақпараттың дұрыстығы – жалпы саланың қаржылық жағдайының объективті көрінісін қамтамасыз етудің кепілі.

Қаржылық есептілікте анықталған бұрмалаушылықтардың жалпы сомасы 1 542,3 млн. теңгені құрады. Аудит барысында есепке 1 461,4 млн. теңге сомасында қалпына келтіру қамтамасыз етілді, бюджет кірісіне 7,5 млн. теңге өндірілді. Өтелмеген залалдың 36,4 млн теңге сомасындағы қалдығы Тексеру комиссиясының бақылауында.

Қатысушылар дебиторлық және кредиторлық берешекті, ұзақ мерзімді активтерді есепке алу, қаржылық есептілікті дайындау мәселелерін қарады. Олар есептілікті шоғырландыру бойынша түсіндірмелер алып, бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды жетілдіру және бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

Салық органдарымен және контрагенттермен өзара есеп айырысуларды жүйелі түрде салыстырып тексеруге ерекше назар аударылды. Ең елеулі бұзушылықтар ұзақ мерзімді активтерді, атап айтқанда жер учаскелері мен ғимараттарды мойындамаумен, берешектерді жасырумен және салықтарды төмендетумен байланысты екені атап өтілді, бұл мекемелерде тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді.

Сонымен қатар қатысушыларға 2027 жылдан бастап бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасау қағидалары күшіне енетіні туралы ақпарат берілді. Аталған қағидаларға сәйкес шоғырландыру периметріне мемлекеттік мекемелермен қатар ведомстволық бағынысты квазимемлекеттік сектор субъектілері де енгізіледі. Осыған байланысты ведомстволық бағынысты ұйымдардың есепке алу жүйелерінің дайындығын қазірден бастап қамтамасыз ету қажет.

Қорытынды бөлімде «сұрақ-жауап» форматында интерактивті пікір алмасу өтті. Мемлекеттік аудит объектілерінің өкілдері анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Қатысушылар тақырыпқа үлкен қызығушылық танытып, шараның практикалық маңыздылығын және алдағы міндеттер мен заңнамадағы өзгерістерді құзыретті түрде талқылау мүмкіндігін атап өтті.