Тең мүмкіндіктер

Референдум күні мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызметі көрсетілді. Ал кейбір учаскеде инклюзия элементтері бар лупалар, аудиожазбалар және ымдау тілінің аудармашылары қарастырылған. Сайлау учаскелері ерекше қажеттілігі бар сайлаушылар үшін қаншалықты қолжетімді болды?

Әлия Сүлейменова жұбайының қолдауымен №62 мектептегі учаскеге келді. Кіреберістегі пандусты қиындықсыз еңсерді, бірақ дауыс беру спорт залында болғандықтан, комиссия мүшелерінің көмегі қажет болды.

– Компьютерде бюллетень бар. Көру қабілеті нашар адам оны үлкейтіп оқи алады немесе басып шығарылған бюллетенді лупамен оқып, өз жауабын қояды. Есту және көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде екі дауыс жазылған. Адам құлаққап киіп, тыңдайды, – деп түсіндірді №62 мектептегі референдум комиссиясының төрайымы Бақытгүл Қалекина.

Референдумға дайындық кезінде толық қолжетімділік емес, тек инклюзия элементтері уәде етілген. Қарағандыдағы барлық учаскеде көру және есту мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бұрыштар болды. Брайль шрифтімен трафареттер Қарағандыда болған жоқ. Олар Алматы мен Астанада ғана болды. Ол қалаларда ымдау тілінің аудармашылары да қызмет көрсеткен. Тізімге қол қою үшін арнайы жақтау қолданылады. Әрбір ерекше сайлаушыға комиссия мүшелері дауыс беру процесін түсіндіргенімен, адам өз таңдауын жасағанда, олар шетке шығады. Әлия Сүлейменова алғашында дауыс бере алмады, себебі, тіркеуі өзгергендіктен, ол басқа учаскеде сайлаушылар тізімінде болған.

– Әрине, көмектеседі, бірақ адам өзі жасау керек қой. Бұл менің құқығым, менің әрекетім. Мысалы, мен өз кеңсемде өзім қозғала аламын, себебі, ол жерде бәрі қолжетімді. Тіпті дәретхана да қолжетімді. Ал мұнда бұл мектеп, қоғамдық орын, ол мүгедек жандарға қолжетімді болуы тиіс, – дейді дауыс беруші Әлия Сүлейменова.

Әлия өте өжет. Дауыс беруге шешім қабылдап, басқа учаскеге барып, барлық қиындыққа қарамастан өз дауысын берді. Ол өзінің патриот әрі елі үшін алаңдайтындығын жеткізді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»