Тазалыққа қажет техника саны артты

Қоқысты уақытылы тасу, жинау, өңдеу мақсатында Қарағанды қаласындағы «ГорКомТранс» ЖШС қоқыс шығаруға арналған заманауи 5 техника сатып алды. Мамандандырылған «Камаз» көліктері Майқұдық аумағында күлқоқыс шығару жұмысына бағытталды. Коммуналдық мекеменің техникалық паркін толықтырған бұл көліктер ресейлік өндіруші «Российские грузовики» ЖШСнан сатылып алынды. Тұтынушыға сапалы қызмет көрсету мақсатында техниканы молайту ісі Қарағанды қаласы әкімдігі жасаған меморандум аясында жүзеге асып отыр. Осы орайда Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Мейрам Кожухов мұның өте құптарлық бастама екенін баса атап өтті:

— Қызмет көрсету желісіне көптен күткен жаңа машиналар шықты. «ГорКомТранс Қарағанды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкімдікпен жасалған меморандум талаптарын толық орындауда. Жаңа техникалар жолға шығып, бүгінгі таңда Майқұдық секторында техника қажеттілігіне қатысты мәселе жабылып отыр. Бұл әкелінген 5 арнайы техника кесте бойынша қоқыс тасу, шығару жұмыстарына пайдаланылады. Ең бастысы, бұл техника жаңа, сондықтан әрдайым маршрутта болады, көлік қирап, қоқыс шығару жұмыстарының кестеден кешеуілдеуі болмайды.

” Қоқыс шығаруға арналған арнайы тетіктерімен жасалған бұл «Камаз» көліктерінің біреуі 43,4 млн. теңге тұрады. «ГорКомТранс» компаниясы жаңа техника сатып алу мақсатында 220 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсаған.

«ГорКомТранс Қарағанды» ЖШС директоры Виктор Иванов бұған дейін Майқұдықта қоқыс шығаруға қатысты қиындықтар болғанын жасырмайды. Арнайы көлік тапшылығына қатысты мұндай келеңсіздіктердің енді болмайтынын, жұмыстың уақытылы, сапалы атқарылуына назар салынатынын айтып сендірді.

Жаңа техникалар Майқұдық аумағы бойынша «Көгілдір тоғандар» шағынауданынан «Горняк» аялдамасына дейінгі аралықта кесте бойынша қоқыс шығару-тасу жұмысына жұмылдырылады. Жалпы, «ГорКомТранс» компаниясы тарапынан қаладағы ауқымды екі аудан үшін күнделікті кестеге сай 38 көлік маршрутқа шығарылады. Оның 31 техникасы Қазыбек би атындағы ауданда, 7 көлік Әлихан Бөкейхан ауданында жұмыс жасайды. Енді техника құрамы 5 «Камазбен» толықтырылды.

Шаһар шаңсыз, қала қоқыссыз болу үшін қызмет көрсетушінің ғана қам қылғаны аздық етеді. Бұл орайда көп жағдайда тұрғындардың тазалыққа деген мәдениетінің төмендігі байқалатыны — шындық. Контейнерге жетпей қоқыс лақтыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды, құрылыс заттарын контейнер маңына шашып кету жағдайы жиі көрініс береді. Мұндайда жұмыла жұмыс жасап, тәртіпсіздік тіркелген аумақтың учаскелік инспекторы арнайы хаттама толтырып, жаза қолданса, тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігі артар еді.

Айта кету қажет, қала тазалығына жауапты мекемеде жүргізуші тапшылығы да — өзекті мәселе. Жұмыс беруші компания басшылығының айтуынша, арнайы техникаларға жүргізуші болуға ниеттілер болса, жалақы мөлшері 250 мың теңге көлемінде. Жұмыс уақыты сегіз сағаттық нормаға сәйкес.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ, «QH»