«Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар
Қарағанды облысында экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың 8 сәуірінен бастап өңірде абаттандыру мен көгалдандыру бойынша шаралар қолға алынды.
Акция басталғаннан бері оған 242 000 адам мен 10 743 кәсіпорын қатысып, 1 433 техника бірлігі жұмылдырылды. Нәтижесінде, 643 рұқсатсыз қоқыс полигоны жойылып, 200 000 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 36 мыңнан астам аулалық аумақтар тазартылып, 273 саябақ пен гүлзардың аумағы ретке келтірілді. Аймақтағы 441 тарихи-мәдени ескерткіш жөнделіп, 154 288 ағаш, оның ішінде 90 000-ы мемлекеттік орман қорында, 65 288-і қалалар мен елдімекендер аумағында және 7 720 бұта отырғызылды.
– Елімізде мемлекет тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы орындалып келеді, осы орайда облысымызда бірқатар шара іске асып, басқа да жобалар өз жалғасын тауып жатыр, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, жалпы ауданы 1 623 мың шаршы метр болатын 125 су қоймасының аумағы тазартылды. 45 субұрқақ жөнделіп, 15 045 метр арықтар тазартылып, қалпына келтірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 10 700 ескерту және 1 211 айыппұл салынды. «Жасыл ел» еңбек жасақтары да акцияға белсенді түрде атсалысты. Бұл жұмыстарға барлығы 5 000 жас қатысты, оның ішінде 1 300-і әлеуметтік осал топтардан шыққан жастар. Жас ерекшелігіне қарай олардың еңбекақысы 14-15 жас аралығындағылар үшін 72 мың теңгені, ал 16 жастан асқандар үшін 105 000 теңгені құрады. Бірегей архитектуралық келбет беру мақсатында 233 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделді. Бұл жұмыстарға 1,7 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, 5 саябақ пен 17 гүлзар абаттандырылып, 102 аулалық аумақта 72 балалар ойын алаңы, 19 футбол алаңы және 7 баскетбол алаңы орнатылды. 2024 жылғы 17 шілдеде Қарағанды облыстық мәслихатының 16 сессиясында облыс қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру ережелері бекітілді.
– 2024 жылдың маусымында іске қосылған «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы тұрғындардан 819 өтініш қабылданды, оның 804-і орындалып, 15 өтінішке орындаудан бас тартылды, – дейді Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Ермеков.
Қысқы тазалау жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бұл мақсатта 893 арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Қар тазалау және көктайғаққа қарсы шараларға 61 280 тонна материал дайындалды. Бір апта ішінде 7 200 тонна қар шығарылып, көктайғаққа қарсы 3 100 тонна материал қолданылды. «Таза Қазақстан» акциясы – облыс экологиясын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»