Татьяна САВИЦКАЯ: «Бұл жолғы сайлауда эмоция бар»

Президенттің кезектен тыс сайлауы – қоғамда талқыланып жатқан өзекті тақырыптың бірі екені аян. Шетелдік, отандық сарапшылардан бастап, қарапайым халық та түрлі пікір білдіріп жатыр. Президенттің өкілеттілігіне қатысты өзгерістер қоғамда жаңа реформалардың бастауы екенін айғақтайды. Тақырыпқа қатысты «Озарение» қоғамдық қорының президенті, «Диалог» дау-дамайды шешу орталығының директоры Татьяна САВИЦКАЯНЫҢ да айтары бар.


– Осыған дейінгі президент сайлауларына қатысқан дауыс беруші ретінде осы жолғы саяси доданың айырмашылығын сезесіз бе?
– Өзім үшін ғана жауап берейін, бұл жолы барлығы шынайы сияқты. Осы сайлауда эмоция бар. Бұрындары ашығын айтқанда, сырттай ғана бақылап, қатысу керек болған соң қатысқан едім. Ал, қазір мен бұл шешімнің, осы процестің бір бөлшегі болғым келеді. Сайлау үшін алаңдаймын. Қандай да бір энергетика сезіледі. Оппозицияның да белсенді бола түсуі сайлаудың шынайы болатынына жетелейді. Жалпы, сайлаудың ашықтығына сенемін. Мемлекет басшысы тарапына барынша ашықтық байқалады. Бірақ, оның барлығын бірдей жүзеге асыра алады ма, біздегі жүйе сол ашықтықты қабылдайды ма, беймәлім. Бірақ, сенгім келеді.
Негізі, халық осы сайлаудан өзгеріс күтеді. Қоғам қазір кез келген өзгерісті, әсіресе, жаңашылдықты қабылдауға дайын. Бұл реформаларға негіз бола алады.
– Биылғы сайлаудағы басты өзгешелік деп Президенттің нақты бір мерзімге және бір рет қана сайлануын айтуға болады. Бұған қатысты Сіздің пікіріңіз қандай?
– Біздің мемлекет үшін өте батыл қадам. Формальді түрде көп нәрсе орындалады. Егер жүйе дайын болса, 7 жыл деген өте жақсы мерзім. Ал, қазір бізде ол тапсырма билік сатыларынан өтіп жеткенше, оны түсіндіргенше уақыт өтеді. Дұрысында, Президент тапсырма береді, ол тез-тез орындалуы керек. Сонымен бірге, ол тапсырмалардың қалай орындалғаны туралы кері байланыстың болуы маңызды. Ол байланыс та солай жылдам әрі объективті болғаны жақсы. Жасалып жатқан жұмыстар бағытталған нысанасына жетті ме, халық сезінді ме, соны назарға алу керек. 7 жылдық мерзімнің кемшілігінен гөрі артықшылығын көп көремін. Келген адам жайдан-жай отырып кетпей, жұмысты жылдам, нақты және нәтижелі істеуге тырысуы керек деп ойлаймын. Президенттің бір рет қана сайлануы қоғамға жаңа леп әкеледі деп сенемін.
– Президент қандай болуы керек? Мемлекет басшысы ретінде көретін тұлғаңыз бар ма?
– Президент бола алады деген лайықты, сыйлы азаматтарды білемін. Бірақ, қазір ұсынылып жатқан үміткерлер арасында ешкімді көрген жоқпын. Мемлекет басшысы маған несімен ұнайды? Жоғары мәдениеттілік, білімпаздық, ақсүйектік байқалады оның бойынан. Менің түсінігімде, мәдениеттілік өте үлкен мағынаға ие. Негізі қазір үміткерлікке кәсіпкерлер барады. Кәсіпкерлердің ойлауы бөлекше.
– Халықтың назарын аудартып, сенімін ұялатуы үшін президенттікке үміткердің сайлауалды бағдарламасы қандай болуы тиіс? Ол бірінші кезекте қай мәселеге басымдық беруі тиіс?
– Егер адам өзінің сайланғанынан пайда іздемей, оның сайлануынан халыққа болатын пайданы айтса, халық соңынан ереді деп ойлаймын. Менің түсінігімде, жақсы басшы халқына қызмет ете білетін адам, бұйрық беретін емес. Жоғарыда кәсіпкерлер туралы айттым, кез келген кәсіпкер өзіне жауапкершілік ала алады. Олар алға бастап, тәуекелге бел буады. Бұл – жақсы қасиет, оның да жақсы тұстары бар. Бірақ, бірінші басшы деген өз мүддесіне емес, халыққа қызмет етуі керек. Өзінің миссиясын халыққа қызмет ету деп санайтын адам сайланса, ол экономикадан бөлек, мәдениетке де, білімге де, денсаулыққа да мән береді. Бұл салалар мүлде дамымады демеймін, бірақ, басымдық кәсіпкерлікке беріліп келді. Сондықтан, үміткер халық пайдасына еңбектенуі керек. Мемлекеттің қолдауын барлық адам бірдей көргенін қалаймын. Қазір өкінішке қарай, халықтың бір бөлігі сезінсе, біреулері тыс қалып жатады.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Ortalyq.kz