Тарихпен тілдескен түн: Қарағандыда «Музей түні» ерекше форматта өтті
Қарағандыда дәстүрлі «Музей түні» мәдени-ағартушылық акциясы өтті. Халықаралық музейлер күні мен Қарағанды облысының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды шара облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті. Бес сағаттан астам уақытқа созылған мәдени кеш аясында тұрғындарға квест-ойындар, көрмелер, шеберлік сабақтары мен концерттік бағдарламалар ұсынылды.
Кешкі сағат бесте музей есігі келушілер үшін айқара ашылып, қарағандылықтар ерекше атмосфераға енді. Биылғы акцияның маңызы зор болды. Себебі шара тек халықаралық мерекемен ғана емес, Қарағанды облысының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ұйымдастырушылар бұл кеш арқылы тұрғындарды өңір тарихымен тереңірек таныстырып, музей кеңістігін заманауи әрі интерактивті алаңға айналдыруды мақсат еткен.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Нарша Ілденнің айтуынша, биылғы бағдарлама барынша мазмұнды әрі көпшілікке қызықты болатындай етіп жасалған.
– Бүгін облыстық музейде келушілерге арнап бірнеше ерекше алаң ұйымдастырылып отыр. Қонақтар тек экспозицияларды тамашалап қана қоймай, тарихи квесттерге қатысып, шеберлік сабақтарында өздерін сынап көре алады. Сонымен қатар өңір тарихына арналған көрмелер мен интерактивті бағдарламалар ұсынылды. Биылғы «Музей түні» Қарағанды облысының 90 жылдығына орай ерекше форматта жасалып отыр. Біз музейдің тек жәдігер сақтайтын орын емес, халықпен байланыс орнататын мәдени кеңістік екенін көрсеткіміз келеді. Мұндай шаралар жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мұраға деген құрметін күшейтеді, – дейді музей қызметкері.
Музей ішіндегі ең көп адам жиналған орындардың бірі – «Шебер-fest» алаңы болды. Мұнда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар түрлі бұйымдарды өз қолымен жасап көруге мүмкіндік алды. Ал ретро автокөліктер көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Көрмеге қатысушы, ретро автокөлік иесі Рамиль Якупов классикалық көліктерге деген қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады.
– Біз қаламыздың тұрғындарына классикалық автокөліктің қандай болатынын, оны қалай күтіп-баптау керектігін көрсету және адамдарға ерекше шабыт сыйлау үшін келдік. Мен 1973 жылы шыққан ВАЗ-2103 көлігінің иесімін. Қазір оны біртіндеп қалпына келтіріп жатырмын. Барынша түпнұсқа қалпын сақтауға тырысамын, – дейді ол.
Кеш барысында жастар квест-ойындар мен тарихи викториналарда бақ сынады. Көпшілік бұл шараға отбасымен келген. Қала тұрғыны Афина Истианиди мұндай форматтағы мәдени кештің ерекше әсер сыйлағанын айтты.
– Мен тарихты өте жақсы көремін. Осындай «Музей түні» өтетінін естіп, арнайы келдік. Өте қызықты шара екен. Әсіресе ретро көліктер көрмесі қатты ұнады. Бұрынғы көліктердің қандай болғанын көру өте әсерлі болды. Сонымен қатар самауырлар көрмесін де тамашаладық, – дейді тұрғын.
Мәдени кештің сәнін келтірген музыкалық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, түнге дейін әуезді ән мен күй шырқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Музей түні» биыл да қарағандылықтар үшін жылдың ең жарқын әрі есте қаларлық мәдени оқиғаларының біріне айналды.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

