Тарихи-этнографиялық экспедиция
Жошы ұлысының 800 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырды.
Қарағандылық тарихшы-ғалымдар, географтар, өлкетанушылар, журналист-блогерлер, ҚР Ұлттық музейінің, Жамбыл, Атырау, Қарағанды облыстарының тарихи-өлкетану музейлерінің қызметкерлері, студенттер, суретшілер және түсірілім тобы пайдалы әрі қызықты сапарға аттанды.
Ұлттық құндылықтарды насихаттаудан, жас ұрпақты рухани және материалдық мәдениетке баулудан, тарихи туризмді дамытудан басқа, экспедиция ел мұражайлары арасында байланыс орнату мақсатын көздейді. Шара 1 қазанда аяқталады деп жоспарланған.
– Бұл біздің екінші экспедициямыз. Біріншісі аймақтық деңгейде болды. Енді біз географияны кеңейтіп, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарының тарихи орындарына – Жошы Ұлысы мен Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштерге барамыз. Біз Жошы ұлысының ескерткіштерін талдаумен айналысатын халықпен, жұртшылықпен, ғалымдармен кездесеміз. Бізге жергілікті жерлерде қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанын білу маңызды, – дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов.
– Мен үшін бұл осындай алғашқы экспедиция – мақсаты бойынша да, ауқымы бойынша да, деңгейі бойынша да. Мен мемлекеттілігіміздің бастауларымен, тарихи және қасиетті ескерткіштермен және орындармен байланыста болудан, қызықты адамдармен кездесуден ерекше әсер күтемін. Мен өзіммен бірге сапарға жақсы көңіл-күй мен ноталарға арналған дәптер аламын, – деп бөлісті өлкетанушы және Жошы ханның ұрпағы Асылбек Алтынов.
Экспедиция бағыты «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, Ежелгі Тараз Әлем қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек пен Керей хандары ескерткіші, Айша-Бибі, Арыстан-баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері және т.б. тарихи және қасиетті нысандар, керуен сарайы, Сығанақ қалашығы, «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені арқылы өтеді, «Сарайшық» туристік орталығы (Хан пантеоны), Сарайшық қалашығы, «Абат-Байтақ» кесенесі, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, «Домбауыл» және Алаша хан кесенелерін қамтиды.
Тарихи-этнографиялық экспедицияның қорытындысы негізінде туристік бағытты арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді, ақпараттық фотоальбом, танымдық аудио- және бейнероликтер шығару және ғалымдар мен мамандардың сұқбаттарына негізделген деректі фильм түсіру жоспарлануда.
Сондай-ақ Астанада әлемдік тарихта Жошы Ұлысының киелі орындары мен тарихи нысандарын сақтау, зерттеу, насихаттау мәселелері бойынша «Талас-Ұлытау-Сарайшық» атты тақырыптық мұражай көрмелері мен дөңгелек үстел өтеді.
– Бұл экспедиция үлкен тарихымызды ары қарай зеттеу, өйткені, ұзақ жылдар бойы Жошы ұлысы толық зерттелген жоқ, бұл тек Алтын орда шеңберінде ғана қаралды. Ал қазір біздің географиялық аймағымыз кеңейді. Себебі, Президентіміз айтқандай Жошы ұлысы Евразия құрлығында алты ғасыр өмір сүрген. Бұл экспедиция біздің болашақтағы зерттеу жұмысымызға материалдар береді. Бұл экспедиция бізге алдағы зерттеу объектіміздің негізгі мақсатына жетуге мүмкіндік береді. Яғни болашақта оқулықтар жазған кезде осы экспедиция материалдарына сүйенетін боламыз. Себебі, бұл экспедицияда шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейміз, – деп атап өтті экспедиция мүшесі, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарЗУ тарих факультетінің PhD докторы Нұртас Смағұлов.
Экспедиция Қарағанды облысы әкімдігінің және Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»