Тарифті инвестицияға айырбастау

Қарағанды қаласының тұрғындары үшін 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап жылу және электр энергиясының тарифтері өзгеретін болады. «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында бекітілген жаңа тарифтер жылу және электр энергиясын өндіруші «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің инфрақұрылымын жаңартуға бағытталмақ. Бұл өзгерістер қала тұрғындары үшін нені білдіреді? Жылу тарифтері қалай өзгерді?

Қарағандының жылу энергиясын жалғыз орталықтандырылған өндірушісі «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС үшін жаңа тариф бекітілді. 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап жылу энергиясының құны 4 331,19 теңгені құрайды, бұл 2024 жылғы 3 977,63 теңгемен салыстырғанда 353,56 теңгеге қымбат. Тарифтің өсуіне табиғи монополияларды реттеу комитеті рұқсат берді. Бұл өсім негізінен инвестициялық құрамдас бөлікті қосу есебінен жүзеге асуда. Яғни, жаңа тариф жылу электр станцияларының жабдықтарын жөндеу мен жаңғыртуға мүмкіндік береді. Себебі, жылу энергиясын өндіру тарифі отын, су, жөндеу жұмыстары және басқа да өндірістік шығындарды ескеруі тиіс. Егер бұл шығындар тарифте ескерілмесе, кәсіпорын қаржылық қиындықтарға тап болады, ал бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарын қысқартуға немесе кейінге шегеруге әкелуі мүмкін. Электр энергиясын өндіруге арналған тариф те өсті. 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңа тариф 17,64 теңге/кВтсағ деңгейінде бекітілді. Бұрынғы тариф 14,09 теңге/кВтсағ болған. Тарифтің 3,55 теңгеге қымбаттауы «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС ЖЭО-1 және ЖЭО-3 негізгі жабдықтарын жөндеу, жаңғырту және кеңейту жобаларын жүзеге асыру мақсатында енгізілді. Бұл тарифті ҚР Энергетика министрлігі бекіткен.

Президент 2021 жылы елдегі ЖЭО жабдықтарының тозу деңгейін 15%-ға төмендету қажеттігін атап өткен болатын. Бұл бастама 2022 жылы стратегиялық бағдарламаға айналып, 2030 жылға дейінгі ЖЭО жаңғырту жоспары жасалды. Қазіргі таңда Қарағандының ЖЭО-1 және ЖЭО-3 нысандары «сары аймаққа» енгізілген, яғни бұл станциялардың жабдықтарының тозу деңгейі 55%-дан асады. Осыған байланысты күрделі жөндеу және жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарлануда. 2025 жылы «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС жөндеу бағдарламасына 23,8 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаражат экологиялық тазалықты жақсартуға, жабдықтардың сенімділігін арттыруға және қуаттық шектеулерді алып тастауға жұмсалады. ЖЭО-3-те үш қазандық агрегаты мен екі турбоагрегат күрделі жөндеуден өтсе, ЖЭО-1-де екі қазандық пен бір турбина жаңартылмақ.

Бұдан бөлек, компания ірі жобаларды да іске асырып жатыр. Қазіргі таңда ЖЭО-3 нысанында энергоблок (қазандық пен турбина) орнату бойынша кеңейту жобасы басталды. Бұл станцияның электр қуатын 120 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағ-қа арттыруға мүмкіндік береді. Жоба 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Қарағанды қаласының жылу және электр қуатына деген қажеттілігі жыл сайын өсуде. Сондықтан «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС ҚР Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ЖЭО-3 қуатын одан әрі кеңейту туралы инвестициялық келісімге қол қойды. Бұл шаралар қаладағы жылу тапшылығын азайтуға және электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қарағандының тұрғындары үшін тарифтің көтерілуі қосымша қаржылық ауыртпалық әкелгенімен, ұзақ мерзімді перспективада бұл шаралар энергия жүйесін жақсартуға бағытталған. Тарифті көтеру арқылы кәсіпорын жылу және электр қуатын өндіру жүйесін жаңартып, сенімділігін арттыра алады.  Жалпы алғанда, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы нәтижесінде 2012 жылы ЖЭО-3-те №5 турбоагрегат, 2016 жылы жаңа энергоблок іске қосылды. Бұл жабдықтардың қосылуы тозу деңгейін төмендетуге және қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі жөндеу және жаңғырту жұмыстары да дәл осындай мақсатқа бағытталған. Қорытындылай келе, Қарағандының жылу және электр энергиясына қатысты мәселелерін шешу үшін кешенді жаңғырту бағдарламалары жүзеге асуда. Бұл бағдарламалар электр қуатын тұрақты өндіруді қамтамасыз етіп, болашақта тұрғындар үшін сенімді әрі сапалы жылумен жабдықтауға жол ашпақ.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                  

«QH»