Талқыланған мәселелер

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика саласы жөнінде салалық кеңес отырысы өтті. Өңірімізге қарасты коммуналдық мәселелер төңірегіндегі келелі істер қарастырылған жиында бірқатар мәселе талқыланды.

Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика жөніндегі салалық кеңес отырысына қаламыздың шаруашылық жүргізетін субъектілері мен коммуналдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Кеңес отырысы ағын суларды тазарту қондырғысын таныстырудан басталды. Зауыт кәріз жүйелері үшін беріктігі жоғары корпустар жасайды. Олар тұрмыстық, дауылдық және өндірістік ағын суларды тазарту станцияларына, сондай-ақ жеке үйлердегі автономды кәріз жүйесіне арналған. Оларды пайдаланудың елді мекендер, аудандар мен қалалар үшін тамаша нәтиже бергенін айтты мамандар. Насосты станцияға арналған бұл қондырғыны пайдаланар болса, оны монтаждауға көп шығын жұмсалмайды және 50 жыл қызмет көрсетеді, бір сөзбен айтқанда, аса тиімді.

– Тағы бір тиімді технологиясы – қондырғының биосүзгісінде үш қабатты полимерлі орнатылымы бар. Тазарту қондырғыларында бүгінгі таңда барлық құм мен лас тұнбаны күрекпен тазалап алады. Ал біз белгіленген уақытта шайып отыруға болатын осындай арнайы сүзгілерді назарларыңызға ұсынамыз, – дейді «Тазалау қондырғылары зауыты» ЖШС-ның коммерциялық директоры Айнұр Қасымқанова.

Алқалы жиында тасымалдау кезінде жылу жоғалтпау және оның қызмет ету мерзімін ұзарту мәселелеріне де назар аударылды. Бұл – энергиямен жабдықтаудың құрамдас бөлігі саналатын жылу желілерінің тиімділігіне әсер ететін маңызды аспектілер. Тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету аясында ашық қолданыстағы сутасымалдағыштар қолданылатыны да айтылды.

– Кез келген қалада жылумен, ыстық сумен қамту жүйесі ашық жүйеде деп айта алмаймыз. Мәселен, аталмыш жүйе Астанада жоқ. Елордалық жылу жеткізу жұмысы біздер үшін үлгі болып, сол бағытты ұстануымыз керек. Жалпы, басқа көптеген қалада, мәселен, Алматы, Павлодарда жабық жүйедегі субағыттағыш пайдаланылады. Ол дегеніміз не? Яғни олар ыстық суды жылыту жүйесінен алмайды. Жылуараластырғыш қолданады. Осы мәселелер ескеріліп, жабық жылу жүйесінен тәуелсіз жүйеге көшу жоспарлануда. Негізгі мақсат – қызмет ету мерзімін ұзарту, – деп атап өтті «Эргономика» ЖШС директоры Сергей Полещук.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»