ТАБИҒИ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖАЛҒАСУДА

Қарағандыда жеке секторды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Осы күндері табиғи газ 7 018 үйге жеткізілген. Оның ішінде 2 319 абонент орталық газбен жабдықталды.

Аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз ету 2019 жылы қолға алынған. Қазір бұл жұмыс жалғасып жатыр.

– Орталық газ құбырына қосылу үшін техникалық шарт алу қажет, бұл – бірінші кезең. Техникалық шарт алу үшін барлығы төрт құжат қажет, олар: жеке куәлік, тіркелген құқықтар туралы мәліметтер (№2 нысан), газдандыру объектісінің техникалық паспорты және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат, – деді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі Мұрат Камалиев.

Техникалық шарт алғаннан кейін абоненттер газдандыру жобасын әзірлейтін және құбыр тартатын компанияны өздері іздеп табуы керек.

– Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында 7 018 тұрғын газға қол жеткізді. Оның ішінде 2 319 абонент табиғи газға қосылған, бұл – газдандыру мәселесі 33% орындалды деген сөз. Оның көлемі 243 шақырым, – дейді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі Мұрат Камалиев.

Газбен жабдықтау желілеріне қосылуға бар болғаны екі апта қажет.

– Техникалық шартты eGov.kz порталы немесе ktga.kz сайты арқылы онлайн, сондай-ақ біздің филиалда офлайн түрде алуға болады. Біздің филиал жаңа мекенжайға көшті, енді кеңсеміз Қарағанды қ., Ермеков к-сі, 29 мекенжайында орналасқан. Техникалық шарт тегін беріледі, – деп атап өтті «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының Газдандыру бөлімінің басшысы Аманжол Мұхамет.

Ол үшін тек төрт құжат болса болғаны: жеке куәлік, тіркелген құқықтар (мүлік ауыртпалығы) туралы мәліметтер (2-форма), газдандыру объектісінің техникалық паспорты және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат.

Газдандыру Теміртау қаласы тұрғындарын да қамтыды. Табиғи газ 1 637 үйге тартылған. Оның 931-і табиғи газға қосылған.

Нұрәсем АХАН, «QH»