Табиғатты аялайық
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Экомузей «Қоршаған ортадағы жаңашылдық» акциясын өткізді. Шара барысында Қарағанды Орталық саябағындағы жануарлар, өсімдіктер мен құстар есепке алынып, студенттер оларды бақылады.
Аталмыш акцияға Е.А.Бөкетов атындағы университет, Экономикалық университет және Банк колледжінің студенттері қатысты. Эколог мамандар болашақ әріптестеріне Орталық саябақты мекендейтін жан-жануарлар мен құстарды таныстырды.
– Біздің мақсатымыз – жастарды табиғатты және қоршаған ортаны аялуға, таза ұстауға шақыру, баулу. Орталық саябақтағы құстар мен жануарлардың көптігін, әртүрлілігін көрсету. Шара барысында тұрғындарға табиғатқа көңіл бөліп, оны сақтаудың маңыздылығы түсіндіріледі, – деп атап өтті Қарағанды экологиялық музейінің қоғамдық бірлестік директоры Екатерина Оборина.
Бұл акция сәуір айынан қараша айына дейін жалғасады. Ай сайын әр түрлі байқау мен флешмоб өткізіледі. Сонымен қатар ұйымдастырушылар экология жөнінде лекциялар мен квест ойындарын да ұйымдастырады. Іс-шараларға қатысам деушілерге есік ашық. Барлық ақпарат Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының сайтында жарияланатын болады.
– Күні кеше біз табиғат тақырыбында квест ойынын өткіздік. «Айнатуралист» деп аталатын жинаққа барша жануар мен өсімдікті енгіземіз. Сонымен қатар «Глобал Сити» челленджі 29 сәуірде аяқталды, шараларымызға қатысқан барша адам өзі қалаған және кездестірген сирек жануарлар мен құстарды енгізеді. Егер де Қарағанды тұрғындары алматылықтарды басып озса, біз халықаралық байқауда төбе көрсететін боламыз, – дейді биолог, эколог Ирина Григорьева.
Экологтер Қарағанды қаласында балалар мен жастар экологиялық мәселеге баса назар аударатынын, қызығушылық танытып отырғанын айтады. Акция барысында Қарағанды Орталық саябағында құстың 25-тен астам түрі және түлкі, құндыз, қоян, сонымен бірге қарапайым кірпі мен құлақты кірпі кездесті.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»