Тағылымды ғұмыр – архив қорында

Қарағандыда ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында еңбек еткен белгілі қоғам қайраткері, Қарағанды облыстық «Ихлас» татар-башқұрт қоғамдық орталығының негізін қалаушы Анвар Керейбаевтың жеке архив қоры ашылды. Биыл көрнекті тұлғаның туғанына 90 жыл толуына орай оның өмірі мен қызметіне қатысты құнды құжаттар Қарағанды облысының мемлекеттік архивіне тапсырылды.

Осыған байланысты Қарағанды қаласындағы Достық үйінде меморандумға қол қою рәсімі өтті. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, архив қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және Анвар Керейбаевтың отбасы қатысты.

– Анвар Керейбаевтың ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі. Ол еліміздің дамуына, қоғамдық келісімнің қалыптасуына зор үлес қосты. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына атсалысып, Қарағандыдағы татар-башқұрт мәдени орталығының негізін қалады. Соның арқасында өңірдегі этностар арасындағы достық пен өзара түсіністік нығая түсті. Мен оны жас маман кезімнен танимын. Әрдайым жастарға қамқорлық танытып, ақылын айтып жүретін кең жүректі азамат еді. Бүгінде Қарағандыда дәстүрге айналған «Сабантой» мерекесінің де бастауында осы кісі тұрды. Оның архив қоры болашақ зерттеушілер үшін құнды мұра болады деп сенемін, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Анвар Керейбаевтың есімі Қарағанды жұртшылығына ең алдымен «Сабантой» мерекесімен етене таныс. Оның бастамасымен ұйымдастырыла бастаған мереке жылдар өте келе түрлі этнос өкілдерінің басын қосатын үлкен мәдени шараға айналды. Бүгінде Қарағандының Орталық саябағында дәстүрлі түрде өтетін мерекеде ұлттық ән мен би, спорттық ойындар, қолөнер және ұлттық тағамдар кеңінен насихатталады.

Анвар Керейбаевтың қызы Эльмира Анварқызы әкесінің жеке қорына түпнұсқадағы 33 құжатты тапсырғанын айтты. Олардың қатарында фотосуреттер, жеке жазбалар, ресми құжаттар мен марапаттар бар.

– Бұл – отбасымыз үшін маңызды шешім болды. Ақылдаса келе әкеміздің өмір жолын баяндайтын барлық құжаттарды мемлекеттік архивке тапсыруды жөн көрдік. Осы арқылы оның еңбегі ұмытылмай, кейінгі ұрпаққа жетеді деп сенеміз. Әкеміздің қызметіне құрмет көрсетіп отырған облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін, – деді Эльмира Анварқызы.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова да сөз сөйлеп, Анвар Керейбаевпен бірге қызмет еткен жылдарын еске алды. Жиын соңында Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ерлан Нелдыбаев пен Эльмира Анварқызы архив қорын қабылдау туралы ортақ актіге қол қойды.

Жаңа архив қоры Қарағанды өңірінің қоғамдық-саяси өмірі мен этносаралық келісім тарихын зерттеуге арналған маңызды дереккөздердің біріне айналмақ. Ондағы құжаттар өңірдің қоғамдық дамуына үлес қосқан тұлғаның өмір жолын зерделеуге мүмкіндік береді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»