Тәжірибелі маманға әрдайым сұраныс бар

Зейнетке шығу – еңбек жолына нүкте қою деген сөз емес. Жылдар бойы жинаған білімі мен кәсіби тәжірибесін әлі де қоғам игілігіне жұмсауға ниетті жандар аз емес. Қарағандыда жүзеге асырылып жатқан «Алтын жас» және «Күміс жас» жобалары осындай азаматтарға еңбекке қайта араласып, сүйікті кәсібін жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде зейнет жасына жеткенімен, сүйікті ісінен қол үзбей, өзгелерге тәлімгер болып жүрген жандар баршылық. Солардың бірі – қарағандылық Валентина Михайловна. Жетпістен асқан кейіпкеріміз «Алтын жас» жобасы аясында тігін шеберханасында еңбек етіп жүр. Ол үшін тігіншілік – табыс табудың ғана жолы емес, жылдар бойы жанына серік болған сүйікті кәсібі.

Валентина Михайловна тапсырыстарды сапалы орындаумен қатар, тігін өнеріне қызығушылық танытқан жастарға да білгенін үйретеді. Ине-жіптің қыр-сырын меңгеру, тігін машинасымен жұмыс істеу, киім пішу мен тоқыма тоқу – мұның бәрін шәкірттеріне ықыласпен түсіндіреді. Осылайша, ол өз кәсібін жалғастырып қана қоймай, көп жылғы тәжірибесін кейінгі буынға табыстап келеді.

Кейіпкердің айтуынша, егде жастағы адамдар үшін еңбек ету мүмкіндігі мен қоғамға қажет екенін сезіну айрықша маңызды.

«Біздің жастағы адамдарға ең бастысы – қоғамға керек екеніңді сезіну. Өкінішке қарай, көптеген зейнеткер осындай мемлекеттік бағдарламалардың барынан бейхабар. Сондықтан ақпараттандыру жұмыстары жиірек жүргізілсе екен. Теледидар мен газет арқылы түсіндіру шаралары көбірек ұйымдастырылса, мұндай мүмкіндіктерді пайдаланатындар қатары артар еді», – дейді Валентина Михайловна.

 

Аға буынға арналған мүмкіндіктер

Қазіргі еңбек нарығында тәжірибелі мамандардың орны ерекше. Өйткені кәсіби шеберлік пен жылдар бойы қалыптасқан дағды кез келген жұмыс орнында бағалы. Осыны ескерген мемлекет еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жұмыспен қамтуға, соның ішінде аға буын өкілдерінің еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.

Солардың қатарында «Алтын жас» және «Күміс жас» жобалары бар. Екі бастаманың да мақсаты – тәжірибелі азаматтардың еңбек нарығындағы мүмкіндігін кеңейтіп, жұмыс берушілерге білікті мамандарды тартуға қолдау көрсету.

«Алтын жас» жобасы зейнет жасындағы азаматтарды қайтадан еңбекке тартуға бағытталған. Бағдарлама аясында жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды жұмысқа қабылдап, олардың кәсіби әлеуетін пайдалана алады. Ал мемлекет қатысушының жалақысының бір бөлігін 24 айға дейін субсидиялау арқылы қолдау көрсетеді.

Ал «Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан, жұмыс іздеп жүрген азаматтарға арналған. Мансап орталығында тіркелген жұмыссыз азаматтар осы жоба арқылы жұмысқа орналасып, жаңа еңбек мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама аясында мемлекет жұмыс берушінің жалақы шығындарын алғашқы жылы 70 пайыз, екінші жылы 65 пайыз, үшінші жылы 60 пайыз көлемінде субсидиялайды. Субсидия мөлшері ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Жобаның ұзақтығы – 36 айға дейін. Оның негізгі талаптарының бірі – бағдарлама мерзімі аяқталған соң қызметкерді тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету.

Бұл жобалар жұмыс іздеушілерге ғана емес, жұмыс берушілерге де тиімді. Бір жағынан, кәсіпорындар тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартып, кадрлық әлеуетін арттырса, екінші жағынан, аға буын өкілдері өз кәсібін жалғастырып, білімі мен білігін кейінгі ұрпақпен бөлісуге мүмкіндік алады.

Еңбек жолында жинақталған тәжірибе – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның байлығы. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу кәсіби сабақтастықты сақтап, жас мамандардың қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан аға буынға еңбек етуге мүмкіндік беру – тек жұмыспен қамту мәселесі емес, олардың өмірлік тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін бағалаудың да көрінісі.

Жас ұрпаққа жол көрсетіп, білгенін үйретіп жүрген аға буынның еңбегі қашанда құрметке лайық. Өйткені шынайы шеберлік жылдармен өлшенгенімен, оның қадірі ешқашан ескірмейді.

Балхаш РАХЫЖАНОВ,

«QH»