Тәжірибе – басты құндылық: зейнет жасындағы азаматтарды қолдау күшейді

Қарағанды облысында зейнет жасына жақындаған және зейнет жасындағы тұрғындардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына бағытталған қолдау шаралары жүзеге асырылуда. «Алтын жас» және «Күміс жас» бағдарламаларының аясында бүгінде 2,5 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өз тәжірибесін еңбек саласында жалғастыруға мүмкіндік алды.

Жарқынай Айтуова Алматы қаласынан Қарағандыға қоныс аударғаннан кейін біраз уақыт бойы жұмыс табуда қиындықтарға тап болды. Өз бетінше ізденіс нәтижесіз болған соң, ол мансап орталығына жүгініп, «Күміс жас» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланды. Осы бағдарлама аясында Жарқынай тігін цехына жұмысқа орналасып, еңбек жолын қайта жалғастырды. Тігін ісіне қатысты бастапқы білімі бар Жарқынай қалған дағдыларды тікелей жұмыс барысында меңгерді. Оның пікірінше, үйренуге деген ынта мен қоғамға пайда тигізуге деген ниет болса, жас мөлшері ешқашан кедергі бола алмайды. Ал зейнет жасына дейін бұл жұмыс оның тұрақты табыс көзіне айналып отыр.

– Жаныма жақын болғандықтан, қазақы нақыштағы тігін фабрикасын бірден жүрегіме жақын қабылдадым. Ұлттық ою-өрнекпен жұмыс істеу маған ерекше жылылық сыйлайды. Сол себепті осы жерге келіп, еңбек етуге бел будым. Мансап орталығы мені дәл осы фабрикаға бағыттап, жұмысқа орналасуыма қолдау көрсетті. Нәтижесінде сүйікті ісіммен айналысып, тұрақты жұмыс таптым, – дейді тігінші Жарқынай Айтуова.

«Алтын жас» бағдарламасының қолдауы арқылы Ләззат Асылбекова балалар орталығына жұмысқа орналасты. Ұстаздық жолда 42 жылдан астам еңбек өтілі бар ол өмірінің басым бөлігін ауыл мектебінде бала тәрбиесіне арнаған. Зейнетке шығып, қалаға қоныс аударғаннан кейін бос отырудың өзіне тән еместігін аңғарды. Балаларға деген шексіз сүйіспеншілігі мен жинақтаған мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретуге деген құлшынысы оны қайтадан сүйікті мамандығына жетеледі.

– Зейнет жасына жетсем де, еліме де, жеріме де әлі де пайда тигізе алатынымды дәлелдегім келді. Үйде төрт қабырғаға телміріп отыру адамды тез қажытады. Сол себепті өзімді сергек сезіну, тіпті денсаулығымды нығайту үшін де еңбек етудің маңызы зор деп есептеймін, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Асылбекова.

«Күміс жас» бағдарламасы аясында мемлекет үш жыл бойы жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалақысының белгілі бір бөлігін субсидиялап отырады. Ал «Алтын жас» бағдарламасында еңбекақы төлеу тетігі өзгеше. Жалақының 50 пайызы жұмыс беруші тарапынан төленсе, қалған 50 пайызы бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

– Қысқа мерзімді оқыту бағдарламасына 510 адам жіберілді. Оның ішінде 85 адам тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында білім алса, қалған қатысушылар жұмыс берушілердің сұранысы негізінде оқытылды. Нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту ұйымдастырылып, қатысушыларға шәкіртақы мен жол ақысы толықтай төленеді. Оқу аяқталған соң олар тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады, – деп атап өтті Қарағанды облыстық Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.

Айта кетейік, жаңа мамандық игеруге ниетті азаматтар үшін мансап орталықтарының жанынан тегін қысқа мерзімді оқу курстары ұйымдастырылған. Бұл курстарда тракторшы, механизатор, тігінші, аспаз, бухгалтер және электрмонтер сынды сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік бар. Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге жұмысқа орналасу бағытында да жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»