Тұғыры биік – төл теңге
ҚР Ұлттық валютасының 30 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қарағанды коллекционерлер Клубы» Қарағанды Облыстық Бірлестігінің «Тұғыры биік – төл теңге» нумизматикалық коллекциясының көрмесі өтті.
Көрмеде барлығы 50-ден астам қазақстандық монеталар ұсынылды. Бұл — Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға енгізілген сәттен бастап шығарылған бірегей монеталар мен банкноттар.
Көрмеге «Қазақстан Халық банкі»АҚ кассалық операциялардың қолма-қол ақшамен жұмыс жөніндегі бөлімі басшысының орынбасары Ж.К.Ахметов, «Қарағанды коллекционерлер клубы» ОҚБ басқарма төрағасы В.И. Горлов, «Қарағанды коллекционерлер клубының» мүшелері – И.Е. Стешков, Қ.Б. Шаукенов, М.А. Кадрылеев, «Сән» колледжінің студенттері, музей қызметкерлері қатысты.
-Көрме Тәуелсіздік пен мемлекет экономикасын дамытудың кепілі ретінде ҚР Ұлттық валюта күнінің тарихи маңыздылығын атап өту, халықты Қазақстан халқының мәдениеті мен құндылықтарына баулу және патриотизм сезімін ояту, қоғамдық өмірді жандандыру мақсатында ұйымдастырылды. Нумизматикалық коллекция көрмесі арқылы келушілер тарихи оқиғаларға үңіле алды, өйткені монеталар Қазақстан дамуының мәдени, саяси және тарихи сәттерін қамтиды, — дейді мұражайдағылар.
Нумизматтар ұлттық валютаның құрылу және даму тарихындағы қызықты фактілер, коллекциялық және инвестициялық монеталардың тақырыптық дизайны және т.б. туралы айтып берді. Бірегей монеталар көрме қатысушыларына қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы түрлі мәліметтерді көрсетті.
Атап өтейік, биыл теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толды. 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілген еді. Ал 1997 жылдан бері Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні ретінде аталып өтіп келеді.