Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием
Тәуелсіздік – аға-апаларымыздың, бауырларымыздың қаны мен жанын пида етіп, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған қасиетті құндылық. Осы асыл мұрамызды дәріптеп, жас ұрпаққа тәуелсіздіктің мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде ерекше шара ұйымдастырылды.
Кездесуді мектеп басшысы Ерден Балтабайұлы ашып, Тәуелсіздіктің халқымыз үшін ең қымбат әрі қасиетті құндылық екенін атап өтті. Шараға желтоқсан оқиғасының куәгерлері Ахметқали Халелов, Жәлел Әуезов, Мейір Төлеубаев ағаларымыз арнайы қатысып, 1986 жылғы ызғарлы желтоқсанның ауыр оқиғалары туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар өз көзімен көрген қиын-қыстау сәттерді баяндап, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, болашақ ұрпаққа тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындырды.
Кездесудің маңыздылығын арттырған тағы бір жайт – алдыңғы буын өкілдерінің өз өмір жолы арқылы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетуі. Бұл тағылымды шарада желтоқсан батырларының батылдығы мен қайсарлығы, Отанға деген адалдық пен патриотизмнің биік үлгісі айтылды.
Айта кетейік, бұл жиын Тәуелсіздігіміздің қастерлі екенін жүректерге ұялатқан, жас ұрпаққа ерекше тәрбие мен рух берген шаралардың бірі болды. Еліміз үшін тәуелсіздіктің мәңгілік екенін ұғыну, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір азаматтың парызы екенін тағы бір мәрте еске салды.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»