«Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік гранты

Қарағанды облысында жастардың әлеуметтік, кәсіпкерлік және шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік грантының жеңімпаздары белгілі болды. Бағдарлама аясында жас авторлардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын жобаларын іске асыруға мүмкіндік беріліп отыр.

Грант байқауы бизнес, волонтерлік, IT, мәдениет, медиа және ғылым бағыттары бойынша өткізілді. Биыл конкурсқа 264 жоба ұсынылды. Көпсатылы іріктеу қорытындысы бойынша 25 жоба жеңімпаз атанып, әрқайсысы 2 млн теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.

Жеңімпаз жобалардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар бастамаларға бағытталған. Солардың бірі – Айна Аратаеваның инклюзивті типографиясы. Жоба менталдық ерекшеліктері бар адамдарды еңбекке тартуды көздейді. Типографияда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жұмыс орындары құрылып, олар баспа ісі саласында тәжірибе жинақтайды.

– Менталдық бұзылыстары бар адамдар еңбек нарығынан жиі шет қалады. Әсіресе 16 жастан кейін олардың даму және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері шектеле түседі. Типография – әртүрлі деңгейдегі мүмкіндіктерге бейімдеуге болатын сала. Мұнда қарапайым баспа жұмыстарынан бастап, тәлімгердің жетекшілігімен дизайн және беттеу жұмыстарына дейін қамтылады. Бұл жай ғана реабилитация емес, нақты нәтиже мен табыс әкелетін еңбек, – дейді грант иегері.

Тағы бір жоба авторы – Әсем Бекбаева. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды бариста кәсібіне және кофеграфикаға үйрететін инклюзивті арт-кафе ашуды жоспарлап отыр. Жоба қатысушылардың кәсіби дағдыларын дамытып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етуді мақсат етеді.

– Бұл кеңістікте мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер мен ересектер бариста кәсібін меңгеріп, еңбек нарығына шығуға қажетті тәжірибе алады. Кофеграфика сабақтары шығармашылық форматта өтеді. Қатысушылар бір-бірімен араласып, өздерінің қоғамдағы маңызын сезіне алады. Жоба арт-кафе форматында жұмыс істейтін болады, – дейді Әсем Бекбаева.

Грант қаражаты жаңа жобаларды іске қосумен қатар, қолданыстағы бизнесті дамытуға да бағытталуда. Байқау жеңімпаздарының бірі – Жазира Төлегенова. Ол «Qazaq National Product» бренді аясында ұлттық тағамымыз құрт өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

– Қазіргі таңда құрттың бірнеше түрін өндіреміз: классикалық, ысталған, сарымсақ, насыбайгүл және паприка қосылған. Өнім дөңгелек, шиыршық, пилюля және асық түрінде шығарылады. Алынған грант жабдық сатып алуға, өндірісті кеңейтуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның ерекшелігі бизнесті мүмкіндігі шектеулі әйелдің жүргізуі. Бұл мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын көрсетеді. Алдағы уақытта үш-бес жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – дейді Жазира Төлегенова.

Жобаларды іске асыру салалық басқармалардың сүйемелдеуімен жүргізіледі. Жеңімпаздар өз бастамаларын алдағы айларда іске асыруды бастайды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»