Тәуекелді бизнес

Қазақстандық кәсіпкерлер туризмге барғысы келмейді. Қазақстанда басқа мемлекеттерге үлкен ақша әкелетін саланы қалай дамытуға болады, неге мемлекеттік қолдаудың әсері жоқ және туристердің өздері не қалайды?

Владимир Алескеров қазір іссапарда. Оның демалыс аймағы екінші маусымда жұмыс істейді, бірақ клиенттердің бұрынғыдан аз екенін мойындайды кәсіпкер. Негізгі проблема – байланыс пен жолдардың болмауы. Ол жарықты өз есебінен тартты, бірақ жол жағы қиындық тудырады. Нысан шалғай далада емес, Федоровка суқоймасында, қаланың шетінде, тұрғын үйлердің жанында орналасқан.

– Ең бастысы – байланыс. Өйткені онсыз адамдардың демалғысы келмейді. Халық дұрыс, сапалы қызметті қалайды және бұл – қалыпты тілек. Басқа елдер, басқа қалалар бұл қызметті ұсынады, ал бізде мүмкін емес. Біз кешенді аштық, екінші жыл жұмыс істедік, бірақ егер бізде жол болмаса, оны қалай ашуға болады. Жол жоқ, жаңбыр жауса, машиналар кіре алмайды. Себебі жер жұмсақ болады, бәрі батпаққа кептеліп қалады. Сол себепті көптеген клиенттің келгісі келмейді, – дейді демалыс аймағының иесі Владимир Алескеров.

Мемлекет туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдаудың көптеген шарасын әзірледі. Арзан несиелер, пайыздық мөлшерлемеге кепілдік беру, қонақүй немесе демалыс үйін салған кәсіпкерлерге шығындардың 10%-ын қайтарады. Егер кәсіпкер экскурсияға автобус сатып алса, олар 25%-ын қайтарады. Егер жол бойындағы заманауи дәретхана ашылса, ай сайын 83 мың теңге төленетін болады. Алайда тілек білдірушілер әлі де көп емес.

– Кәсіпкерлер бұл салаға құлықсыз барады. Өйткені бұл туризм желісінде қайтарылатын ақша кезеңі тым ұзақ. Яғни кәсіпкер ақша салады да, қайтарымды бес жыл, мүмкін, 10 жылдан кейін алады, – дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Мысалы, Қарағандыда қала көлемінде, оның ішінде шетелдіктер үшін экскурсия ұйымдастыратын кәсіпкерлер жоқ, ал Қарағандының тарихы бірегей деп есептейді Кәсіпкерлер палатасы. Бірақ бұл туралы жергілікті тұрғындар біле бермейді. Қарағанды облысында тас дәуірінің ескерткіштерінен бастап басқа киелі және тарихи орындар баршылық. Сондай-ақ ауа райы қолайсыз және туристік маусым мерзімі небәрі 3-4 ай.

– Қарапайым мысал: Қарағанды қаласынан денсаулыққа пайдалы орынға, айталық Алакөлге, жету үшін 1,5-2 тәулік жүресіз. Пойыздан-пойызға ауысып отыру керек. Өкінішке қарай, бізде қалыпты жолдар жоқ, қалыпты интернет байланысы жоқ. Тіпті туристер Қарқаралыға келген жағдайлар болды, банк картасымен төлейтін мүмкіндік жоқ, – дейді Қазақстан кәсіпкерлік қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин. – Ниет білдірушілер болған. Мысалы, олар шахтаға турлар ұйымдастырып, тіпті жерасты қонақүйін салғысы келді. Бірақ қолдау таппады.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»