Тәтті сусындарға салық: денсаулыққа жасалған қадам ба?
Қазақстанда құрамында қанты жоғары сусындарға акциз енгізу мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы халық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды шаралардың бірі ретінде қарастырып отыр. Ведомствоның 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарында тәтті сусындарға акциз енгізу, сондай-ақ құрамында қант, тұз және трансмай мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу көзделген.
Мамандардың айтуынша, мұндай шешімнің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік пен қант диабетінің таралуын азайту. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық дерттер және басқа да созылмалы сырқаттардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітім көрсеткішін төмендету көзделіп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда акциздік салық негізінен алкоголь мен темекі өнімдеріне салынады. Егер жаңа бастама жүзеге асса, бұл тізімге газдалған және құрамында қант мөлшері жоғары басқа да сусындар қосылмақ.
Айта кету керек, тәтті сусындарға акциз енгізу мәселесі елімізде алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін де бұл ұсыныс талқыланғанымен, түрлі себептерге байланысты кейінге қалдырылған еді. Енді Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұл бастамаға қайта оралуды ұсынып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай салық қоғамдық денсаулықты жақсартудың тиімді құралдарының біріне айналған. Қазіргі таңда әлемнің 117 елінде тәтті сусындарға арнайы салық қолданылады. Оның нәтижесінде бірқатар мемлекеттерде тұрғындардың қантты шамадан тыс тұтыну деңгейі төмендеп, өндірушілер өнім құрамындағы қант мөлшерін азайтуға мәжбүр болған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ретте ең тиімді тәсіл — сусынның бағасына емес, оның құрамындағы қант көлеміне негізделген «ақылды салық» десе де болады. Мұндай жүйе өндірушілерді өнім құрамын жақсартуға ынталандырады. Яғни қант мөлшері көп болған сайын салық көлемі де жоғары болады.
Мамандар соңғы жылдары балалар арасында артық салмақ мәселесінің өзекті бола түскенін атап өтеді. Тәтті газдалған сусындарды жиі тұтыну семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары мен зат алмасу бұзылыстарының пайда болуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі саналады.
Сонымен бірге жаңа бастама тек салық енгізумен шектелмейді. Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған зиянды тағамдар мен сусындардың жарнамасын шектеуді де жоспарлап отыр. Бұл шара дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырып, өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Әрине, тәтті сусындарға акциз енгізу қоғамда түрлі пікір туғызуы мүмкін. Бір тарап мұны халық денсаулығын жақсартуға арналған маңызды қадам деп бағаласа, екінші тарап өнім бағасының қымбаттауына алаңдаушылық білдіруде. Дегенмен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай шаралардың негізгі мақсаты бюджет кірісін арттыру емес, халықты дұрыс тамақтануға ынталандыру болып табылады.
Егер ұсыныс қолдау тапса, Қазақстанда тәтті сусындарға акциз кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өндірушілерге жаңа талаптарға бейімделуге, ал тұтынушыларға дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

