Түтін тұмшалаған Қарағанды

Қазақстан әлемдегі қалалардың ластануы бойынша ең нашар елдер рейтингінде 115 елдің арасынан 33 орын алды. Алайда, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар бір жылда бар-жоғы 4 пайызға өскен. Ластану индексі 73,4-ті құрады. Индекс неғұрлым жоғары болса, елдегі жағдай соғұрлым нашар болғаны. Қара қар мен түтінге тұмшаланған Қарағандыға қарап-ақ біздің елдегі экологиялық жағдайдың мәз еместігін аңғаруға болатындай.

Әлем бойынша ең лас елдердің көшін Камерун, Моңғолия мен Мьянма бастап тұр. Рейтингті небәрі 12,1 индексімен Финляндия түйіндеді. Айта кетері, бұл әлемдегі үздік көрсеткіш саналады. Рейтингке қатысатын ТМД елдері арасында Әзербайжанның экологиялық жағдайы Қазақстанға қарағанда нашарлау. Ал Молдова, Украина, Ресей, Армения және Беларусьте ластану деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған негізгі инвестиция небәрі 4,3 %-ке, 163,9 миллиард теңгеге дейін өскен. 2020 жылы инвестиция 157,1 миллиард теңге болған еді, бір жылда 33,8%-ке артты.

Ал қарағандылықтар көк түтін мен өткір иістен қажығандықтарын айтуда. Қаланы сұр перде көмкеріп, кешксін ол қалың қара тұманға айналады. Жолды көру айқындығы нашарлап, жұрттың кең тыныстауы қиындады. Түтінмен тұмшалағанған, газбен булыққан қала көрінісін көпшілік көп талқылайды. Желіде жариялап, жанайқайларын жеткізіп жатады. Ауа райына тікелей қатысы бар «Қазгидромет» ауа жағдайын бақылап отырады, онымен қоса экологтар да атмосфераға алаңдаушылық танытып, тексеріске шығып жүр. Қаланың әрбір жерлерінен сынамалар алынып, нәтижесін жинақтады. Тексеріс демалыс күндері де жалғасын тапты.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің бас маманы Римма Рахимбекова ауа құрамына қатысты пікір білдірді: «Бізде барлық нүктелерде қалқыма заттар-шаң және көміртек тотығының артуы байқалуда. Бізде осындай концентрация бар екен деп ауа жағдайы нашар деп кесіп айтуға келмейді. Концентрация шекті мөлшерден асып кетті деуге де келмейді, бұл қорқынышты емес».

Экологияға қатысты кез келген өзекті мәселеледе пайымын айтып жүрген Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Есжанов болса, Қарағанды қаласында қолайсыз метеожағдай орын алғандықтан Экология департаментінің мамандары қазіргі таңда қаладағы ауа сапасын жіті тексеруге кірісті деп отыр.

— Зерттеулер қорытындысын әзір ресми мәлімдеу ерте. Болжамды ақпар ретінде айтар болсақ, қаланы жауып тұрған түтін жеке үйлерден шыққан пеш түтіні. Бірақ бұл нақты жауап, нақты себеп емес, — дейді маман.

Экологтар ушыққан атмосфералық ластану жағдайын жақсартудың жалғыз жолы — жеке секторды газдандыру деп біледі. Және де биліктен осы бағыттағы жұмысты жеделдетуді сұрайды. Тексеріс нәтижелері бойынша Михайловка, Оңтүстік- Шығыс, Майқұдық және Пришахтинск аудандарында көміртегі тотығы, азот диоксиді мен шаң тозаңы бойынша нормадан асу көрсеткіші аңғарылды. Ал, 6 ақпан күнгі өлшеу нәтижелерінде Қарағанды қаласының орталығы мен Теміртау қаласында ауадағы өзгеріс қалыпты болған. Экология департаменті өткен жылдың соңында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қоршаған ортаны ластау эмиссиядан асып кеткені үшін 286 миллион теңге айыппұл салғанын айтты. Қысқасы, қара түтін, қалың тұман қарағандылықтар үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Қара қар көрсек қайран қалмайтын, түтінге тұмшалансақ таңданбайтын халге жеттік.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»