Тұрмыстық газ бағасы арзандады

Тұтынушылар шағымы ескеріліп, Қарағандыда тұрмыстық жағдайда қолданылатын газ баллондардың бағасы арзандады. Бұл – газ желісі ұйымдарымен бірлесіп қабылданған шешім.

Елімізде автогаз бағасы арзандап, көлік жүргізушілерін бір қуантқанымен, тұрмыстық жағдайда қолданатын газ баллондардың бағасы бағына қоймады. Осы жайт көптеген тұтынушының наразылығын тудырып, жұрт аймақтық билікке базына айтты. Себебі, бірқатар үйлерде орталықтандырылған газ жүйесі орнатылмағандықтан, тұрмыстық баллондарға сұраныс көп. Қазіргі жағдайда халық қалауын қалт жіберу ағаттық екенін жақсы түсінген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бірден әрекетке көшті. Аймақтағы 8 компания тұтыну талабына түсіністік танытып, жергілікті билікпен бір мәмілеге келді. Олар: «AlemGaz» ЖШС, «ТемірГаз», «УГХ ГАЗOIL», «Хантер АГЗС», «Автогаз Трэйд», «С-Мұнай», «KazEcoGaz LTD17» және «Алпамыс Атырау». Алғашқылардың бірі болған «AlemGaz» ЖШС өкілдерінің айтуынша, еліміздегі жағдайға байланысты бағаны түсіру керек, бірақ бұл тұрақты шығынды ақтау жолы болмасы анық.

– Біз жағдайды ескеріп, газ баллондарының бағасын түсірдік. Қазір арзандатылған бағамен 17 литрлік баллонды газ 1500 теңге, ал 34 литрлік баллон 3000 теңге тұрады. Газ баллонды біздің базамыздан келіп алатын болсаңыздар – осындай баға. Ал, жеткізу құнына қосымша 500 теңге қосылады. Қосалқы бөлшектер мен редукторлардың бағасы шарықтап тұр. Барлығы қымбат. Табыс – тек өз құны. Елдегі жағдайды ескеріп, осындай шешімге келдік. Әрине, болашақта газ бағасы қайта қаралады. Бәрі әкімдікпен ақылдаса жасалады, – деді «AlemGaz» ЖШС директоры Асқар Шарафутдинов.

Газ бағасын түсіруге келісім берген компаниялар газды литріне 70-105 теңгеден сатуда. Мысалы, Қарағандыда баллондарды 1 500 теңгеден 3 000 теңгеге дейін сатуды бастады. Алайда газ бағасы арзандады екен деп, сақтықты естен шығармау керек. Қауіпсіздік талабымен тыйым салынған көпқабатты үй тұрғындары тоқты үнемдеп, көгілдір отынға бейтарап көшуіне болмайды.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Құрмет Жұмекенов тұрмыстық тұтыныстағы баллонды газға қатысты бірнеше нұсқама берді:

  • Істен шыққан газ құрылғыларын өз бетінше жөндеп, тұтынуға болмайды;
  • Газ босату көзін тексеру үшін ашық от қолдануға болмайды. Оны арнайы сабынды сұйықтықпен тексеру керек;
  • Газ қосулы тұрғанда үйді қараусыз қалдыруға болмайды;
  • Газ қосылған ғимарат ішін желдетіп тұрған жөн;
  • Жанар-жағармай құю бекеттерінде газ баллонын толтыруға тыйым салынған.

Бүгінде Теміртауда 25 литрлік баллон 2 500 теңге, 50 литрлік баллон 5 000 теңге тұрады. Жезқазғанда баллонды газдың бағасы 130 теңгеден 88 теңгеге дейін төмендеді. Балқашта баллон газының бір литрі 85 теңге тұрады. Баллонды газ бағасын төмендету бойынша жұмыс барлық өңірлерде басқа компанияларда да жалғасады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH.