Тұрақты жұмыс орны – агробизнестің басты міндеті

Ауылшаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, фермерлерге түрлі қолдау көрсетілгенімен, оның нақты нәтижесі халықтың әл-ауқатынан көрінуі тиіс. Осы мәселелер Солтүстік Қазақстан облысында өткен республикалық кеңесте жан-жақты талқыланды.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Үкімет басшысы мемлекеттік қолдау алып отырған агроқұрылымдар ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті екенін атап өтті.

«Ірі шаруашылықтар халықты жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс, бұл — сіздерге қойылатын басты талаптардың бірі. Мемлекет қажетті қолдауды көрсетіп отыр, бірақ бұған жауап ретінде, ең алдымен, ірі агробизнестен жыл бойы тұрақты жұмыс орындарын ұсыну бойынша міндеттемелердің орындалуын күтеді. Ашығын айтайын, кім бұл мәселемен айналыспайды, демек, біз сондай меншік иелерінен жерді қайтарып алумен айналысатын боламыз», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де назар аударды. Өткен жылы кейбір шаруашылықтардың егіс құрылымын сақтамауы су тұтыну көлемінің артуына себеп болған. Сондықтан жауапты мемлекеттік органдарға су пайдалануды бақылауды күшейту тапсырылды.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға шамамен 1,5 триллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда фермерлер 573 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып үлгерді. Алайда Үкімет бұл қаражаттың нақты өндіріске, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталуын талап етіп отыр.

Кеңеске селекторлық режимде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.

Жиында Қарағанды облысында көктемгі егіс науқаны толық аяқталғаны айтылды. Биыл өңірдегі егіс алқаптарының көлемі 1,2 миллион гектарға дейін ұлғайтылған. Аграршылар сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар және басқа да қажетті ресурстарды сатып алу үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланған.

Мамандардың пікірінше, ауыл шаруашылығын дамыту тек өнім көлемін арттырумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру. Сондықтан мемлекеттік қолдау мен жер ресурстарын пайдалану жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс.

Үкіметтің бұл ұстанымы ауыл шаруашылығында тәртіпті күшейтіп қана қоймай, мемлекет көрсетіп отырған қолдаудың тиімділігін арттыруға және ауылдағы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»