Тұрғындар тұрмысын жақсарту – басым бағыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалардағы басым бағыттардың бірі – халықтың әлеуметтік әл-ахуалын жақсарту. Яғни қоғамдағы масылдық психологияны жойып, шағын және орта бизнесті ынталандыру, жұмыссыз азаматтарға екі қолға бір күрек боларлық кәсіп тауып беру. Бұл бағытта өндірісті өлке Қарағанды облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір айғағы – биыл аймақта елу мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың мәліметінше, аймақта кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде ірі кәсіпорындар базасында жаңа жұмыс орындары ашылады.

– Биылғы жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді, оған сәйкес 54 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру арқылы 5 мың, бос орындарға 22 мың, жеке бастамалар шеңберінде 17 мың адам жұмысқа орналасатын болады. Сәуір айындағы жағдай бойынша, жұмыспен қамту шараларымен 8 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 6 мыңға жуығы жұмысқа орналасты және кепілді айлық табысы бар, – дейді Әсем Жүнісбекова.

Аймағымызда 31 мың азамат кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жұмысқа орналастырылады. Олардың ішінде жұмыс іздеген жастарға «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары бойынша жолдама беру көзделген. Бұл жобалардың бір артықшылығы – жалақыны мемлекет субсидиялайды. Яғни іздеген жанға жұмыс орны табылады, кәсіпкер де қажет еңбек күшіне ие болып, шаруашылығын дөңгелету мүмкіндігіне ие.

Бұдан бөлек облысымыздағы ірі кәсіпорындар базасында, атап айтқанда, «Saran» индустриялық аймағында, Нұра және Бұқар жырау аудандарында және Теміртауда жаңа жұмыс орындары ашылады. Оларға жолдама беру үшін қысқамерзімді курстарда 1 551 адам оқиды. Тұрғындардың Skills Enbek платформасы арқылы қайта даярлаудан өтіп, жаңа мамандық алуына болады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»