Тұрғындар күл төгетін полигон құрылысына қарсы шықты
Қарағанды қаласының іргесінде бүтіндей бір ықшам ауданның тұрғындары жаңадан салынып жатқан күл төгетін орынға наразы екендерін білдірді. Олар көлемі 400 гектарға жуық күлтөбе іске қосылса, аудан тұрғындары шаң-тозаң мен күл-қоқысқа тұншығамыз деп қорқады. Түгел қаланы жылу және жарықпен қамтып отырған станция өкілдері болса, жаңа жоба аясында күл қалдықтары ауаға көтерілмейді деп отыр.
Қарағандының іргесіндегі әйгілі 3-ЖЭС қуаты бойынша Қазақстанда алғашқы бестікке енеді. 1992 жылдан бері төгіліп келген бұрынғы орын алдағы төрт жылда толады. Сондықтан, онда рекультивация, яғни қалыпқа келтіру жұмыстары басталған. Ал жаңадан салынып жатқан мына орын, тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Қазірдің өзінде талаптар сақталмайтынын көрдік. Бір жылдан бері кең тыныс алып, демалатын мүмкіндік болмады. Біз конституциялық құқығымызды пайдаланып ел Премьеріне де, керек болса Президентке де шағымданамыз. Себебі, мұндағы әңгіме бірінші кезекте біздің және балаларымыздың денсаулығына қатысты. Осы аудандағы 140 отбасының өкілдері қарсы екендерін білдіріп, қол қойып, петиция жинадық, — дейді қала тұрғыны Дәурен Арынов.
Куряновка деп аталатын елдімекен бұрын Бұқар жырау ауданына қараған. Алайда, Майқұдық пен Қарағанды қаласының ортасындағы аудан кейін қала балансына еніпті. Ал, іргесіндегі бұл жерде бұрын қоқыс полигоны болған. Станция өкілдері оны жойып, қазір мұндағы екі бірдей шағын өзеннің арнасын талапқа сай бұрыпты. Экологтар болса, күл төгу орны жұмысын бастаған соң, тұрғындарға қолайсыздық тудырмайтынына сенімді. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Есжанов «Салынып жатқан күл төгетін полигон елді мекенінен 600 метр қашықтықта орналасқан. Бұл санитарлық қорғау жағынан алғанда үшінші санатқа қарайды. Кем дегенде 300 метр болуы керек. Құрылыс кезінде қоршаған ортаға зиян келіп, шаң шығады ғой, сол қолайсыздық туғызуы мүмкін халыққа. Дегенмен іске қосылғанда халықтың жағдайын жамандатуға тиісті емес. Өйткені оның бәрі сумен жайылады. Шаңның бәрі басылады», — деп отыр.
Бірінші және үшінші ЖЭС жылына кемі 1,5 млн тоннаға жуық күл қалдықтарын шығарады. Онда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы техникалар жүргендіктен күл қалдықтары шаң-тозаң болып, халықтың мазасын қашырғаны рас. Жақында бұл жұмыстар аяқталатын көрінеді. Ал, неге дәл осы орын таңдалды дегенге серіктестік өкілі «Қарағанды энергоцентр» ЖШС атқарушы директоры Рүстем Байжанов «Күлқалдықтарын шығару орны бұл ЖЭС-ның бір бөлшегі. Онсыз станция да жұмыс істей алмайды. Күл шығару орнын таңдаған кезде біз ең қолайсыз, басқа дүниеге жарамайтын жерді аламыз. Бұл жер дәл сондай, бұрынғы қоқыс полигоны мен балшықты орын болды. Мұның барлығы жобада қарастырылып барып шешім қабылданған», — деп отыр.
Күл төгу орны мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен. Енді алдағы төрт жылда пайдаға берілуі тиіс. Жылу мен электр қуатын өндірушілер жаңа жобада күл қалдығын дымқылдандыруды қарастырған. Ал, дымқыл күл қалдығы ауаға көтеріліп, тұрғындарға қолайсыздық тудырмайды, — дейді.
Расул МҰХАММЕД
«QH»