Тұрғындарға тиімді бағдарлама

Қаржы үш есеге артты. Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жобалардың санын көбейтуді жоспарлап отыр. Ендігіде ортақ аумақтарды түрлендіру толығымен сол іске мүдделі белсенді азаматтардың қолына берілді. Тұрғындарға тиімді бағдарлама аясында бөлінер қаржыны қандай мақсатқа және қалай жұмсауға болады?

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы тұрғындар арасында танымал. Салыстырмалы түрде айтып өтсек, егер 2023 жылы 3 жоба болса, 2024 жылы 20 жоба болды. Ал 2025 жылға жоспарға сай 65 жобаны іріктеу көзделіп отыр. Жалпы Қарағанды қаласы бойынша айтар болсақ, онда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру үш есеге артады деді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2023 жылы 1 миллиард 484 миллион теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 миллиард 320 миллион теңгені құрайды.

– Биылғы 2025 жылы халық қатысатын бюджет жобасына өте қомақты қаржы бөлініп отыр. Және біз ол сомманы қаланың Оңтүстік-шығыс, Михайлов аумағы бойынша бөліп отырмыз. Үш мердігерлік ұйым жұмыс істейді, олардың осы бағдарлама аясындағы жұмысын қадағалау ыңғайлы болады, – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов.

Бұл қаражаттан 2,6 миллиард теңге аудандағы аулаларды көркейтіп, жаңарту жобаларына бағытталады. Тағы бір айтары бағдарлама шеңберінде ендігіде балалар алаңдары мен спорт алаңдарын орнату және жөндеумен шектелмейді. Қоғамдық орындарды мәселен саябақтар, алаңқайлар, жаяу жүргіншілер аймақтары сонымен қоса аулаларды жарықтандыру, көшелер мен саябақтарды жарықтандыру, тротуарларды салу және жөндеу, ғимараттарды жарықтандыру, гүл көшеттерін орнатып жалпы көркейту жұмыстарын біршама жүзеге асыру қарастырылып отыр. Және бұл бағдарламада қай көше, аймақ, алаңқай жөнделіп-жаңартылатынын тұрғындар өздері таңдап ортақ шешім қабылдайды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысу үшін тұрғындар 10 наурызға дейін өтініштерін тапсыра алады. Аудан әкімдігі жұртшылықты осынау игілікті бағдарламаға белсенді қатысуға шақырады, өйткені өтінім беруде күрделі ештеңе жоқ. Ең бастысы – ортақ қолданыстағы алаң, алаңқай, балалар ойын алаңы болсын жалпы сондай аумақтарды көркейтіп жаңартуға деген ниет, белсенді әрекет қажет.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                   

«QH»