Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселелер көп – Әлихан Смайылов
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, тұрғын үй құрылысына инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 16,8%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді, соның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ретте кезекте тұрғандарға жылжымайтын мүлік сатып алуға жеңілдетілген несие және жалдауға субсидиялар беру көзделген.
Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі күні күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 31,1%-ға дейін төмендеді. Кейбір өңірлерде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталуда. Атап айтқанда, Абай облысында – 67%, Батыс Қазақстан облысында – 63,9%, Ақмола облысында – 59,2%, Жетісу облысында – 52,6% және Алматы қаласында – 52,4%. Жалпы, былтыр 11 өңірінде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбесін айқындай отырып, қабылданған реновациялау бағдарламалары өзектендірілетін болады. 2029 жылға 1500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешуді қамтамасыз ету жоспарланған, оның ішінде биыл 3 мыңнан астам меншік иесін қамтитын 120 көппәтерлік тұрғын үй бар.
Елдің коммуналдық секторын дамыту мақсатында сумен, жылумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған желілердің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды (жылумен жабдықтау – 14 мың км, сумен жабдықтау – 98 мың км, су бұру – 17 мың км).
2022 жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді. Биыл шамамен 2 мың шақырым желіні жаңғырту арқылы желілердің жалпы тозу көрсеткішін 50%-ға дейін, ал 2029 жылы 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрінің айтуынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5% құрады. Жамбыл облысының (91,9%) қала тұрғындары және Қостанай (79,6%), Ақмола (89,8%), Солтүстік Қазақстан облыстарының (84,6%) ауыл тұрғындары үшін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік төмен екені байқалады. Осы жылдың қорытындысы бойынша 5 қала және 192 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін сумен жабдықтау қызметтерімен қалалар мен ауылдардағы халықтың 100%-ы қамтамасыз етіледі.
Өңірлерде ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндады.
Премьер-Министр тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы өте зор екенін атап өтті. Өткен жылы 130 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Жалпы, елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалды. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны біршама төмендеді
«Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен төмен. Негізгі проблема – қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мысалы, елордада инфрақұрылым мен энергоресурстардың жетпеуінен алдағы жылдары жаңа тұрғын үй салу көлемі біршама төмен жоспарланып отыр», — деді Әлихан Смайылов.