Тұмаудың алдын алу
Тұмау және тыныс алу жолдарының жедел вирустық инфекциялары – бұл ауа-тамшы жолдарымен жұғатын әртүрлі инфекцияның жиынтығы. Қазақстанда жыл сайын миллионға жуық адам тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) ауырады. Тұмау 14 жасқа толмаған балаларда жиі кездеседі және олардың жалпы санының 70% құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша, әртүрлі этиологиялы жедел респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) барлық жұқпалы ауру арасында бірінші орындардың қатарында. Қазіргі уақытта оның 200-ден астам түрі бар. Белгілі бір респираторлық вирустың қарқындылығы, жиілігі және үстемдігі маусымға және климаттық ерекшеліктерге байланысты.
Тұмаудың алдын алудың негізгі сенімді әдісі – жыл сайын эпидемия алдында екпе алу. Тұмауға қарсы екпелер қауіпсіз және тұмаудың алдын алуда тиімділігі жоғары.
Қазақстан Республикасында эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы мына вакциналар тіркеліп және қолдануға берілген: «Ваксигрип» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды), Гриппол плюс (Ресей). Барлық вакцинада тұмау вирусының штаммдары бар.
ДДҰ ұсынымдарына сәйкес халықтың 40%-ын тұмауға қарсы вакцинациямен қамту ұсынылады. Жыл сайын жергілікті бюджет қаражатынан қаржы бөлінеді және келесі тәуекел топтарына вакцинациялау жүргізу үшін вакциналар сатып алынады: медицина қызметкерлері, жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет көрсетушілер, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.
Сондай-ақ, ірі кәсіпорындар қызметкерлерді вакцинациямен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді.
Тұмаудың алдын алу жолдары:
- Алдын алу барысында ең тиімді әдіс – тұмауға қарсы екпе алу.
- Эпидемия кезінде адамдармен байланысыңызды мүмкіндігінше азайтуға тырысыңыз (қоғамдық көліктермен сирек қатынап, қонаққа барудан бас тартыңыз).
- Бөлмеңізді, үйіңіздің ауасын жиі желдетіп, ылғалды жуып-жинаңыз.
- Мұрныңыздың шырышты қабығын интерферонмен, 0,25 пайызды оксалин майымен майлап жүріңіз.
- Сарымсақ, пияз, сонымен қатар құрамында С дәрумені бар өнімдерді: лимон, орамжапырақ, қара қарақатты көбірек пайдаланыңыз.
- Төрт қабатты дәкелі таңғышты қолданыңыз.
- Дұрыс тамақтаныңыз.
- Таза ауада жүйелі түрде серуендеп, денешынықтырумен және спортпен айналысуды қолға алыңыз.
- Тұмаумен ауыратын науқасты басқа адамдардан оқшаулаңыз.
Қарағанды қаласы Қазыбек би
атындағы ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
басшысы
Н.М.Аймағанбетов