ТӨЛ ТАРИХЫҢДЫ БІЛУ БАР БОЛУ МЕН ЖОҚ БОЛУДЫҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШЕДІ
2023 жылдың 9 маусымында Орталық Қазақстан академиясында «АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ!» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Басты мақсат – тарихымызға жаңаша көзқараспен қарап, бабаларымыз басып өткен жолдардағы ұтқанымыз бен ұтылған тұстарымызға әділ баға беру. Тарихтың өткен күннен сабақ алуға, жарқын болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік берері сөзсіз. Назарларыңызға конференцияға келіп түскен мақалалар легін ұсынуды жалғастырамыз.
Редакция
Басқалардан өзгешеленіп тұратын нышан, белгі болуы керек
Қазақстан азаматтарының бәрі бірдей тарихшы болуы міндетті емес. Бірақ азаматтарымыз елі мен жерінің, халқының тарихынан кем дегенде мектеп бағдарламасы деңгейінде хабардар болуы керек. Бұл туралы қанша жерден айтылғанымен, іс жүзінде Отан тарихынан жаппай сауаттылыққа әлі күнге дейін жеткен жоқпыз. Жыл сайын мыңдаған кітап пен мақала жарияланып жатса да, нақты ахуал осындай.
Бүгінгі студенттер арасында арғы бабаларымыздың Орхон жазуын түзгенін, Алтын Орданың әлемдік империя биігіне көтерілгенін білмейтіндер аз емес. Олардың өзінің асылынан, бастау бұлағынан бейхабар болғаны былай тұрсын, тіпті өзге тіл мен ділдің сойылын соғып, руханият атаулыдан іргесін аулақ салып жүргендері жанға батады.
Ұлтты жатсыну – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Мұны Қытаймен байланыстыра отырып Күлтегін бабамыз да, Ресеймен байланыстыра отырып көмекей әулие Бұқар жырау бабамыз да ескерткен кезінде. Демек, төл тарихыңды білу – бар болу мен жоқ болудың тағдырын шешетін факторлардың маңдайалдысы. Біздің қоғамымызда тарихты білуге қатысты орын алған дағдарыстың басты себебі оны зерттеу мен насихаттаудың кемшін түсіп жатқандығында деп ойлаймын.
Қазақ жоғалған малын іздегенде ен-таңбасына, түр-түсіне басымдық беретін. «Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың» деген өлең жолдары түсінген жанға көп нәрсені айтып тұр емес пе! Жоңғармен соғысқан ХVІІІ ғасыр батырларының ғана емес, VІІІ ғасыр батыры Күлтегін мінген аттардың да түр-түсі тасқа жазылып, бүгінгі күнге жеткен жоқ па?!
Біздің тарихымызда да басқа елдердің тарихынан өзгешеленіп тұратын айрықша нышан, белгі болуы керек. Ұлттық тарихтың коды дегеніміз – осы. Тарих кодының бір немесе бірнеше этносқа тән болуы – заңды құбылыс. Айталық, «Алпамыс», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырлары – түркі халықтарына ортақ қазына. Дегенмен аталған шығармаларда кездесетін жер-су атаулары, салт-дәстүрлер, терминдер мен ұғымдар, оқиғалардың географиялық аумағы, тарихи-мәдени ескерткіштер олардың қайсысына жақынырақ екенін аңғартады. Ендеше тарихи кодтың генезисі мен эволюциясында екі дәуір бар дей аламыз. Бірінші дәуір адамдар қауымы пайда болғаннан ұлт ретінде қалыптасқанға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл – құбылмалы дәуір. Бүгін бар қауым ертең жұтылып, жоғалып, басқалармен араласып кетіп жатты. Ізі бар да, өзі жоқ. Сынақ пен бәсекеге төтеп бергендер тарихи кодын дүниеге әкелді. Ол қола ғасырда болған тәрізді. Өйткені қымыз, домбыра, аң стилі сол заманның еншісінде. Екінші дәуірде адамдар өзін-өзі ұлт ретінде таныды. Ұлттық мемлекет пайда болды.
Тарих кодының бойына ұлттың идеологиясы, рухы мен болмысы, қасиеті мен киесі шоғырланған. Ол тарихи зерттеулер мен карталардың, оқулықтар мен оқу құралдарының, анықтамалықтар мен энциклопедиялардың, статистика мен мәліметтердің өзегін құрауы керек. Онсыз қоғамдық тарихи көзқарас пен таным қалыптаспайды.
Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома!
Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бодандықпен жаншылғандар, отарлық қанау мен қорлауды өз басынан өткергендер жүрегімен, әрбір клеткасымен сезінеді. Тұмар ханым, Зарина, Шырақ жайлы сақ заманынан жеткен аңыздар, Күлтегін тасындағы елін, жерін, қағанын іздеген жазулар, Абылай мен Кенесары хандардан қалған мәңгілік ұлағат, кеңестік Қазақстандағы қуғын-сүргіннің соңғы құрбаны Қ.Рысқұлбековтің өлімді қасқая қарсы алуы қазақтың тәуелсіздікті бәрінен де қымбат санағандығынан емес пе?! Бұдан ұққаным: мемлекет пен оның әрбір азаматы жат қолына жалтақтамай, қабылданған заң аясында емен-жарқын өмір сүре алса, тәуелсіздік дегеніміз – міне, осы!
Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қол жеткен табыстарымыз әлемге аян. Кешегі Мәскеудің билігі жүріп тұрса, бұл жетістіктердің оннан бірі де болмас еді ғой. Мәселен, елорданың Алматыдан Астанаға көшуін, еліміздің ядролық қарудан ерікті түрде бас тартуын, Азиялық кеңестің дүниеге келуін, қандастарымыздың тарихи Отанына оралуын, президенттік билік институты мен парламентаризмнің қалыптасуын, мемлекеттік шекарамыздың халықаралық талаптар деңгейінде бекемделуін, «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегияларын айта аламыз. Бұлар – Қазақстан жолы мен жаңашыл жасампаздықтың басы ғана. Алда асқаралы міндеттер тұр.
Тәуелсіздік өткен күндерді, уақытты қайтара алмайды. Бірақ солардың ақиқатына жетуге, жақсы мен жаманды айыруға жол ашатыны сөзсіз. Бейнелеп айтар болсақ, қазақ тарихында қалтарыстарда қалған «ақтаңдақтар» саны бір тоғыз десек, үйірімен үш тоғызы кеңестік тоталитаризм еншісінде. Ұлы даладағы ашаршылықтар, қуғын-сүргін, соғыс шығындары, демографиялық, экологиялық апаттар, белгілі тұлғаларымыздың қасіретті тағдыры әзірге әділ бағасын алған жоқ. Біздің халық жер бетінен жоғалып кетпеуі үшін зорлық-зомбылыққа қарсылықпен, жасампаздықпен жауап берді. Біз бодан болып өмір сүрген ғасырларда да тарих дөңгелегі тоқтамай айнала берген. Отандық тарих ғылымы өткенді бүгінгі күнге жеткізуде талай қиындықты жеңе отырып азды-көпті табыстарға қол жеткізді. ХІХ ғасырда Шоқан, Абай, Ыбырайдың тарихи шығармалары жазылды. ХХ ғасырда ұлттық тарих ғылымы кеңестік нұсқада қалыптасты. Тәуелсіздікке дейін жазылған монографияларда, энциклопедияларда, тіптен оқулықтарда да төл тарихымыз төрт аяғынан тең тұрды дей алмаймыз. Әсірелеу де, адасу да, бұрмалау да болды. Ең ауыры – «Қазақстан тарихы» деген атау бірен-саран шығармаларда болмаса, былайша кездесе бермеді. Оған себеп біреу ғана: революцияға дейінгі кезеңде ұлт пен ұлттық тарихты тұтастықта және бірлікте жазуға бағытталған мемлекеттік саясат та, тәжірибе де болған жоқ. Кеңестік дәуірде тарихқа материалистік көзқарас ұлықталып, қазақ қазақтың жартылай өтірік, жартылай шын тарихын оқуға, зерттеуге, насихаттауға мәжбүр болды. Мұндайда ұлттық код жойылмағанмен, әлсірей бастайды. Демек, тәуелсіздігі жоқ елде тарих әділ, кемел, дұрыс жазылмайтыны, тәуелсіздік барда ғана тарихи ақиқат салтанат құратыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Жады қандай болса, сана да сондай!
Әрбір халықтың өмір салтында, тілінде өзгелерден ерекшелеп тұратын айрықша белгісі болады. Мәселен, «қазақ тілі», «домбыра», «Елім-ай», «Сарыарқа», «қошақан», «Жеті жарғы», «жеті қазына», «нағашы-жиен», «немере-шөбере», «бойжеткен», «қалыңмал» деген сөздер құлағымызға жеткеннен біз қазақ ортасына енгенімізді бірден ұғамыз. Кейбір ұғым-түсініктер жекелеген өңірлерге тән. Оларды қалың қауым білмесе де, мамандар бірден байқайды.
Қазақстан тарихының қай дәуірінде болмасын мазмұнын, ерекшелігін ашатын, тірек болатын, код функциясын атқаратын ұғым-түсініктер жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Кешегі коммунистік билік бұл міндетті мүлтіксіз атқарды. «Феодализм», «капитализм», «қанаушы», «тап күресі», «революция», «жаңа экономикалық саясат», «социалистік құрылыс», «ұжымдастыру», «тың игеру», «коммунизм», «КОКП» деген сөздерді естігенде өткен ғасырлар, оқиғалар, тұлғалар, тапқанымыз бен жоғалтқанымыз – бәрі-бәрі ойға оралады. Бұған мектеп оқулықтары ғана емес, кеңестік БАҚ, ономастика, әдебиет пен өнер – бәрі-бәрі жұмылдырылды.
Ал біз ше? Отыз жыл ішінде ұлттық тарих кодын қалыптастыру ісінде не бітірдік? Қазақ тарихшылары арасынан бұл мәселеге ең жақын келген ғалым – Манаш Қозыбаев. Ұлттық код пен тарихи кодтың атын атамаса да, түсін түстей алғаны 2001 жылы жарияланған «Жұлдызым менің» кітабынан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Онда былай делінген:
«Тарих – Отаныңның, ата-бабаңның ғасырлық арман жолы;
Тарих – Отаныңның басына күн түскендегі ойран жолы, оны қорғау жолы;
Тарих – Отаныңның, халқыңның қалыптастырған ата салты;
Тарих – халқыңның ғасырлар бойы қалыптастырған этностық аумағы;
Тарих – әрқайсысымыздың ата-бабамыздың бұл күні табиғатқа қосылған сүйегі және аспанда ұшып, бізді әруақ болып құшқан рухы».
Одан кейінгі жылдары ұлттық тарих кодына апаратын ізденіс жалғаспай қалды. Тарих, отандық ғылым мен білім жүйесі әліге дейін біз ойлаған үдеден шыға алмай келе жатқаны жасырын емес. Тарихи жадымыз бен санамызда, тарихи танымымыз бен көзқарасымызда олқылықтар мен жүйесіздік тұнып тұр. Күлтегін мен Тоныкөк замандарындағы «тілші, хабаршы, құпия сөз иелері» қандай мемлекеттік қызмет атқарғанын қалың көпшіліктің білмейтінін былай қойғанда, XVI ғасырдағы Мамаш, Таһир, Тоғым хандардың атын естімегендер, Қобыланды батырды Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың қарулас серігіндей қабылдайтындар арамызда жетіп артылады. Әлеуметтік сауалнамалар Д.Қонаевты, М.Әуезовті және т.б. тұлғаларды танымайтын жас ұрпақ пайда болғанын көрсетті. Бұл – тарихи жадымыздың жұтаңдығы. Жады қандай болса, сана да сондай. Айталық, осы жасқа келгенше Ақсақ Темір есімді бірде-бір қазақ баласын қалада да, ауылда да көрген емеспін. Ал Тамерландар қаптап жүр. Парсышадан тәржімалағанда мұның мағынасы Ақсақ Темір екенін ұрпағына азан шақырып есім берген ата-ананың білмегені ғой. Жады мен санадағы олқылықтар әлі талай «қызыққа» кенелтеді. Ұлттық және тарихи коды дұрыс адам ана тілінен, халқының салт-дәстүрінен, бабалар мұрасынан жери ме? Әрине, жоқ.
Бұдан шығатын қорытынды – тарихи жады мен сана кемелденбей, толық танымға, яғни ақиқатты бекемдейтін іргелі ғылыми нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. ХХ ғасыр басында осынау миссияны орындауға қабілет-қарымы молынан жететін күш – Алаш қозғалысы тарих сахнасына көтерілген еді. Алаштың ұлттық құбылыс қана емес, жаһандық серпіліс екенін тани білгендердің арасында Әлімхан Ермеков те бар еді. Ол бұл кезде небәрі 26 жаста болатын. Орынборда Бүкілқазақтық ІІ съезд аяқталысымен, Әлімхан Ермеков «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген мақаласын жазып, онда былай деді: «…Желтоқсанның 12-сі күні түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ Орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды. Автономия бізге өмірлік мақсат еді. Іштегі дертті айта алмай күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүниежүзін жаңғыртып, Алаш ұранын шақырып отыр». Бірақ ұлттық азаттықтың қас жауы большевиктік билік Алашты аяусыз тұншықтырды. Мәскеудің қитұрқы саясаты ұлттық кодымызды әлсіретті, тарихымыздың коды бас көтере алмаған күйде қалды. Екі құндылықтың арасындағы алшақтық пен үйлесімсіздік тарихи жады мен санаға кері әсерін тигізді. Зардабы әлі күнге дейін сезілуде. Мұны 1465-1847 жылдар аралығындағы қазақ хандарының саны мен олардың тарихтағы орны жайлы пайым-тұжырымдардан да байқауға болады. Профессор Ж.Артықбаевтың жазуынша, олар 48 болса, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдары 78 хан жөнінде мәлімет жариялады. Профессор М.Қожа: «Қазақ хандығының тарихын оны басқарған, мемлекет болуына ұйытқы болған билік тобын танымай, оның құрамын, құрылымын зерттемей білу мүмкін емес», – деп дәйектесе, профессор С.Өтениязов бұған мүлде кереғар ұстанымды алға тартады: «…Землей наших предков управлял не хан, а институт биев, то есть родоначальники – самые авторитетные в народе люди, представляющие 41 казахский род. Госустройство, будем так говорить, в «Казахском ханстве» зависело от родоначальников и полностью ими же исполнялось. То есть фактическим руководителем здесь был институт биев».
Коммунистік идеологияның жаны әлі сірі…
ХХ ғасырдың басты оқиғасы – тәуелсіздіктің жариялануы. Біз бұл ұлы күнге үміт оты сөнуге шақ қалғанда жеттік. Оны жақындатқан, қазақ қоғамын оятқан – желтоқсаншы жастар. Сын сағатында тәуекелмен легитимді бекемдеген – аға ұрпақ өкілдері. Бірақ ұзақ жылдар бойы коммунистік мазмұнда суарылған білім мен тәрбие, идеология мен насихат ізі қоғамдық санадан өшпей тұр. Қазақстанның кез келген елді мекеніне барсаңыз, кеңестік заманнан қалған атаулар, мұралар лек-легімен алдыңыздан шығады. Коммунизм кетті. Коммунистік идеологияның жаны әлі сірі. Себебі тарихи санамыз бен танымымыз толық жаңғырмаған күйде қалуда. Оның сорақы көрінісі – мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер. Бұл туралы БАҚ беттерінде айтылудай айтылып, жазылудай жазылып жатыр.
Қоғам алдындағы әлеуметтік-кәсіби жауапкершілігін сезінбейтін біраз тарихшы әріптесінің жазғанын көшіріп алуға дейін барғанын ақтау еш мүмкін емес. Ресейлік ғалым Қазақстанда жарияланған бір еңбекте ортағасырлық түркілердің огнеметпен аспаннан оқ жаудырғанын әжуалап жазыпты. Ұлттық тарихтың коды қалыптаспады деген сөз осыдан шығады. Тап қазір ұлттық код мәселесін шешуге ешқандай бөгесін жоқ. Саяси қысым, идеологиялық өктемдік, «измдердің» шеңберінен шықпау шарты келмеске кеткен. Тарихшы ғалымдардың сайрайтын да жайнайтын күні туды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осындай сәтте ұлттық тарих кодын түзуге адастырмайтын жол – оның методологиялық негіздерін жүйелеу. Методология ғылымның басты миссиясы жаңалық ашуды, ақиқатты айтуды қамтамасыз ететін танымның биік сатысы.
Ұлттық код пен төл тарихымыздың коды арудың арқасындағы қос бұрымдай жараса өрілгенде, тәуелсіздіктің жасампаз әлеуеті арта түсетіні – күмән-күдіксіз ақиқат.
Әбжанов Х.М,
ҚР ҰҒА академигі,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор,
Астана қаласы