Құтқарушылар дайындығы
Қарағандыда қала бөлімшелерінің жоспарлы оқу-жаттығулары өткізілуде. Негізгі міндет – басқару органдары мен күш құрылымдарының ықтимал табиғи апаттарға дайындығын тексеру. Оқу-жаттығу жұмыстарының жеделдігі де назардан тыс қалмады.
Санаулы күндерден соң жаз келеді. Барбекю, ашық ауада демалу және аспан астында от жағу басталады. Мұның бәрі тосыннан өрт шығу қаупін арттырады. Қарағанды қаласында төтенше жағдай қызметкерлерінің дайындығын тексеру және алдын алу мақсатында штабтық оқу-жаттығулар өткізілді. Жиындарда әр түрлі бөлімше жұмысының жеделдігі мен үйлесімділігі, сондай-ақ жабдықтардың жарамдылығы тексерілді.
– Республика көлемінде «Өрт – 2024» оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді. Оған біздің мамандар белсенді түрде қатысуда. Жалпы өрт сөндіру кезеңіне облыста 4500 адам мен 120-дан астам техника дайындап отырмыз. Жергілікті атқарушы орган күштері, орман шаруашылығы, Төтенше жағдай департаментінің күштері. Былтыр өрт сөндіретін жаңа 5 станциясы салынып, 80 техника алынған болатын. Жаңартылған, заманауи техника. 600-ге жуық әр түрлі жабдық, құрал-сайман алынды. Биыл өрт сөндіретін тағы 1 станция саламыз. 1000-ға жуық әр түрлі құрал-жабдық алмақ боп отырмыз. Және 60-тан астам техника алу жоспары да бар, – деп атап өтті Қарағанды облысы ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов.
2021 жылдан бастап облыс аумағында өртпен күрес жөніндегі жоспар жұмыс істейді. Жоспар шеңберінде жыл сайын бөлімшелердің материалдық жарақтандырылуы күшейтіледі және ұлғайтылады. Мәселен, 2023 жылы қала қызметін қажетті қамтамасыз ету үшін шамамен 1 млрд 400 млн теңге жұмсалды. Биыл өрт қаупі кезеңіне шамамен 1 млрд 600 млн теңге бөлу жоспарлануда. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жыл сайын ауа райы қысымының жоғарылауына байланысты өрт пайда болу қаупінің де көбейгенін айтты. Осыған байланысты өрт сөндірушілер мен құтқарушылар дайындықтарын күшейте түскен.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»