Құтқарушы – «Жыл патриоты»
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі азамат түрлі саладағы жетістіктері үшін «Жыл патриоты» атағына ие болды. Жеңімпаздардың бірі қарағандылық Александр Адамбаев – облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағының кинологі. Марапаттау Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған Қазақстан патриоттарының республикалық форумы кезінде өтті.
Александр Адамбаев Гринпис есімді үй жануарымен бірге жойқын жер сілкінісінен кейін Түркияның Нұрдағы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарына қатысты. Олар бірнеше адамның өмірін өлімнен арашалап қалуға көмектесті.
Александрдың құтқарушы болып жұмыс істеп келе жатқанына алты жыл болды. Гринпис есімді бордер-колли құтқарушы ретінде күшік кезінен бастап қызмет етіп келеді.
– Адамдарды құтқару – ерлік емес. Бұл – біздің жұмысымыз, ол үшін біз алатын ең үлкен марапат – халықтың алғысы, – дейді Александр Адамбаев.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов форумға қатысушыларды құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтаухат оқыды.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі