Құтқарушы келіншек

Надежда Дроздецкаяның Қарағанды қаласындағы құтқару қызметінде жұмыс істегеніне 15 жылға жуықтапты. Ер-азаматтармен қатар талай адамның жанына араша түсті. Тек биылдың өзінде 70 адам құтқарылды, оның 23-і кәмелет жасқа толмаған бала.

«Сын сағат, санаулы секундтар, таразының бір басында адам өмірі, енді бір басында аузын аждаһадай ашқан ажал деген тажал тұр. Мұндай сәтте адамның ақылы мен әрекеті тең басу керек»,-дейді Надежда. Екі баланың анасы о баста көз дәрігері болып жұмыс істеді.  Кейін ойламаған жерден құтқару қызметіне ауысты. Бұл таңдау оның өмірін күрт өзгертті.

«Бірде жұмысшылар жер қазып жатқан кезде «КаМАЗ» жүк көлігі артқа шегінген күйі бір адамның аяғын басып кетеді. Салбырап қалған аяқтан  қан суша атқылайды. Қасындағылар сүйретіп бізге алып келіпті.  Қарасам аяғы тізесінен төмен жаншылып қалыпты. Науқас болса қатты шошып, қиналып жатты. Мен дереу алғашқы көмек көрсетіп, науқасты жедел-жәрдемге табыстадым. Ол аман қалды. Біз қазірге дейін хабарласып тұрамыз. Мұндай жағдайлар көп кездеседі»- деп еске алды Надежда   

Қарағанды қаласының құтқару жасағында 52 адам жұмыс істейді. Олардың басым көбі осында түнеуге мәжбүр. Себебі күн сайын суға батқандар мен жолда қалғандар, қала берді не бір тосын жағдайларға тап болғандарға жедел көмек көрсету керек.

«Надежда Ивановна Дроздецкая біздің ұжымда өте сыйлы адам. Тәжірибесі мол. Ол кісіден үйренеріміз көп. Ол да ер азаматтардың арасында жұмыс істеу әлде қайда оңай дейді. Құтқару қызметі болған соң, тауға да, тасқа да, аяз бен боранға қарамай, қысы-жазы құтқару операцияларын жүргіземіз. Сол кезде ол кісі әркез қасымызда жүреді. Өз ісінің маманы»,-дейді жедел құтқару жасағының бөлім басшысы Алмаз Қарсыбеков

Қарағанды облысында осындай 7 құтқару жасағы жұмыс істейді. Өткен жылы оған 900-ге жуық шақырту түсіп, 270 адам құтқарылды. Оның 77-сі кәмілет жасқа толмаған балалар. Ал, биылғы үш айдың өзінде 70-адам құтқарылды, оның 23-і бала.

Расул Мұхаммед