Құтқарушы ит
Жоғалған адамды іздеу барысына құтқару қызметімен қатар арнайы үйретілген иттер де іздеуге атсалысады. Солардың ішінде облысымыздың Төтенше жағдайлар департаментінде ерлік көрсетіп жүрген Хана есімді ит бар. Бар кереметі сол, бұл төртаяқты қазақ тілінде айтылған әр бұйрықты қалтқысыз орындайды.
Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінде адамға серік бола алатын қолға үйретілген жеті ит қызмет көрсетеді, оның алтауы орыс тілінде үйретілсе, біреуі қазақ тілінде үйретілген. Қазақ тілінде үйретілген иттің есімі Хана, сондай-ақ неміс пен бельгиялық ит тұқымынан алынған микс овчаркасы, жасы 1 жастан асқанымен қазақ тіліндегі бұйрықтарға үйретіліп жатыр, өте жылдам, шыдамдылығы мен төзімділігі берік, мықты ит. Хана жоғалған адамдарды іздеуге күшік күнінен бастап үйретілді, сегіз жасына дейін қызмет етеді. Күніне екі уақыт тамақтанады, айта кетсек қазақ тілінде берілген барлық команданы орындайды.
– Хана – ерекше алғыр ит. Ол кішкентай кезінен-ақ ақылды, зейінді ит ретінде танылды. Хана іздестіру-құтқару жұмыстарында керемет нәтижелер көрсетеді. Оның иіс сезу қабілеті өте жоғары, әрі ол қиын жағдайларда тез шешім қабылдай алады. Оның басты міндеті – іздеу және құтқару. Табиғи апаттар кезінде жоғалған адамдарды табу, үйінділер астынан тірі қалғандарды анықтау – Хананың жұмысы. Ол түрлі жағдайда, мысалы, жер сілкінісі немесе қар көшкіні кезінде ерекше жылдамдықпен әрекет ете алады, –дейді кинолог Қанат Ерболатұлы.
Оларды түрлі тәсілмен үйретеді. Бір итті үйрету үшін алты айдан, бір жылға дейін уақыт кетеді. Ханамен күнделікті жаттығуды оның қабілетіне, көңіл-күйіне қарай командалық тапсырма беріліп отырады. Көбінесе ойын арқылы үйрету тәсілін қолданады. Үйретілген иттермен түрлі бағытта жұмыс істейді.
– Хананы дайындау ұзақ және күрделі жұмыс. Ол арнайы бағдарламалар бойынша үйретіледі. Біз оған түрлі иісті ажыратуды, із кесуді, адамдарды анықтауды үйретеміз. Сонымен қатар, ол әрдайым физикалық және психологиялық дайындықтан өтеді. Итпен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік. Бір жағынан, ол сіздің ең сенімді серігіңіз, екінші жағынан, оның қауіпсіздігі мен денсаулығын да ойлау керек. Біз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз, бұл біздің жұмысымыздың басты артықшылығы. Бірақ кей жағдайда, мысалы, экстремалды ауа райы кезінде, оның шаршап қалмауын үнемі қадағалап отырамыз, – деп атап өтті Қанат Ерболатұлы.
Маманның айтуынша, далада адам жоғалды делік, оны іздегенде адамдар шөптің арасынан көрмей, білмей қалуы мүмкін. Ал иттің иіс сезу қабілеті жақсы дамыған, яғни адамды көрмей-ақ, иісі арқылы іздеп таба алады. Бұл жағдайда құтқарушының да біліктілігі арта түседі. Өйткені, иттің көмегімен адамның қандай төтенше жағдайға тап болғанын және оған шұғыл көмек көрсетуді үйрене түседі. Үйретілген иттің жоғалған адамды іздеп табу уақыты әртүрлі. Жағдайға байланысты кейде жарты сағаттың шамасында тапса, кейде бір күннің ішінде тауып жатады. Үйретілген ит – тек дос емес, табысты жауынгер.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»