Сынақ тапсырды
Биылғы оқу жоспарына сәйкес қарулы күштерде жеке құрамды тестілеу және жауынгерлік даярлық пәндерінен сынақ тапсыру қазан айының соңына дейін жалғасады. Оның нәтижелері бойынша бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің деңгейі бағаланатын болады. Сынақты Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлеріде тапсырды.
Қарағанды гарнизонында әскери қызметшілер тактикалық, арнайы, атыс, саптық, дене шынықтыру және басқа да даярлық түрін қамтитын жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерінен сынақтар тапсыруда. Әскери топография, жауынгерлік машиналар мен автомобиль техникасын жүргізу дағдыларынан білімдері тексеріліп жатыр. Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері де бұл сынақтан тыс қалмады. Кешенді тексеріс әскери қызметшілер мен бөлімшелерді даярлаудың барлық аспектісін қамтыды. Қару-жарақ пен әскери техниканың жағдайы да зерделенуде. Бағынысты құрамаларда жауынгерлік даярлыққа басшылық ету бойынша лауазымды тұлғалардың жұмысын ұйымдастыру жүйесіне ерекше назар аударылады.
– Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметкерлерінен биылғы жылдың қорытындысы, арнайы мамандықтар бойынша сынақтар қабылдануда. Біздің Қарағанды өңірлік, Қарағанды облысының жергілікті атқару органдарының әскери қызметшілерінде де жалғасын табуда, – дейді Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркебұлан Мұстағұлов.
Бірінші кезеңде саптық жиын өткізілді, онда жеке құрамның сыртқы түріне қойылатын талаптардың сақталуы зерделенді, мемлекеттік-құқықтық пәндер мен жалпы әскери жарғылардан білімі тексерілді. Комиссия жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, диверсияға қарсы қауіпсіздіктің жай-күйін, лауазымды тұлғалардың бағынысты құрамалар мен әскери бөлімдердегі жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы мәселелерін ұйымдастыру сапасын тексерді.
Қорытынды тексеріс жыл сайын оқу жылының соңында барлық әскери бөлімде жүргізіледі. Әр жылда өтетін тестілеу әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз етуге, бөлімшелердің тиімділігі мен үйлесімділігін арттыруға бағытталған.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»