Суретшілерді таныту
Дарынды суретшілерді көпшілікке таныту. «Алтын-Ғасыр» көркемсурет галереясында кеншілер астанасының 90 жылдығына арналған көрме ашылды. Ерекше өнері бар шеберлер туындылары көпшіліктің көзайымына айналды.
Жоба мақсаты – көпшілікке енді ғана танылып жүрген талантты өнерпаздарды анықтау және насихаттау. Бұл көрме – сурет өнерін бағалаушы көпшілікке беймәлім суретшілерді таныстыру, өнерін ұсыну. Сол себептен көрмеге сурет әуесқойлары да, кәсіпқойлар да жас шектеусіз қатыса алады. Ол туындылардың жасалу технологиясы да сан алуан. Мәселен, сурет, полиграфия, инсталляция, кескіндеме, фотосурет, мүсін, аралас құралдар, сәндік-қолданбалы өнер, бұл санатта тоқыма, басқа да материалдар, шыны, ағаш, металл, керамика, мозаика, қағаз немесе басқа әдістерді қолдану арқылы даярланған жұмыстар көпшілікке ұсынылды.
– Бұл Қазақстандағы кәсіпқой суретшілермен қоса кәсіпқой емес суретшілер де қатыса алатын жалғыз жоба. Және осынау жоба біздің галереяда өтіп жатқаны өте қуантады, – деді «Алтын-ғасыр» арт-галереясының жетекшісі Татьяна Абилова.
Жобаның ұйымдастырушылары алдағы уақытта да осындай көрмелерді үзбей өткізуді жоспарлап отыр. «Халық іші – өнер кеніші» демекші, бізде таланты жандар көп. Өнері ерекше болса да дарындылығымен танылмаған жандарды осындай алаңда таныстыру, өнерді бағалау ғана емес, сол адамның шығармашылығын насихаттау. Жасына, негізгі мамандығына қарамастан кез келген қарағандылық өнер иесі осынау көрмеге өз еңбектерін қоя алады. Бұл мақсатта қаламызда суретші, өнерпаздар шығармашылығын паш етер алаң бар екені аса құптарлық.
– Біз қарағандылықтарға «Арт-Старт 6» жобасын таныстырғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл біздің жоба, осыдан 3 жыл бұрын бастадық. Және осы жобамыз қатысушылар үшін осыншама тартымды болғаны соншалық, алтыншы мәрте ұйымдастырып отырмыз. Жобаның артықшылығы – оған кез келген суретші қатыса алады. Оның жұмысын көпшілік көре алатындай алаң береміз. Біздің жобада кастинг немесе іріктеу жоқ, әр қатысушы туындысын, оның санын таңдауға құқылы. Биыл қатысушылар саны аса көп – 18 адам, өздерінің 54 туындысын ұсынып отыр, – дейді «Алтын-ғасыр» арт-галереясының жетекшісі Бибигүл Исполова.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»