Суретші шығармашылығы
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында көрнекті суретші, сценарист, философ, жазушы әрі археолог – Николай Рерихтің туғанына 150 жыл толуына орай арт-сағат өтті. Танымал суретшінің өмірі мен шығармашылығы айтылды.
– Николай Рерих мәдениетті аса маңызды, ортақ дүние ретінде таныстырды. Мәдениетті сақтап, меңгеру керектігін айтты. Оны бөліп жармай тұтастай қабылдау, мәдениеттің ортақ құндылығы бар екенін, кей тұсы өзара үйлесіп жататынын айтты, – дейді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының экскурсоводы Елена Кондратьева.
Экскурсовод Гоголь атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының оқырмандарына «Мәдениет арқылы әлем» және «Әлем туы» халықаралық мәдени қозғалыстарының негізін қалаушы Николай Рерихтің ұстанымы, шығармашылығы туралы жан-жақты баяндап берді. Оның шығармашылығы гуманизм, мейірімділік және өзара сыйластық идеяларына толы, дейді. Николай Рерих – көрнекті суретші, сценарист, философ, жазушы, саяхатшы, археолог, қоғам қайраткері. Танымал тұлғаның 150 жылдық мерейтойына негізделген арт-сағатта оқырмандар назарына кітапхана қорындағы Николай Рерихтің кітаптар көрмесі ұсынылды. Өз заманының ізденімпаз өкілі сол кездегі оқырман, тыңдарман сұранысына сай әр бағытта пікір-пайымын біліп отырды. Орталық Азияны зерттеп еңбектерімен мәдени отбасылық құндылықтарды насихаттаған. Шараға жиналғандар да 19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басында шығармашылығымен шыңдалған суретшінің туындыларына қызыға қарауда.
– Николай Рерихтің шығармашылық мұрасы орасан зор. Бұл мыңдаған картина, этюд, әдеби шығарма, кітаптар мен мақалалар, очерктер тіпті ертегілер де бар. Николай Рерих – жан-жақты тұлға. Ол суретші ғана емес, бітімгер де. Ол қарулы қақтығыстар кезінде өнер туындылары мен мәдени мұраларды қорғауға арналған «Рерих пактісі» жобасын дайындады, – дейді Гоголь атындағы кітапхананың өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы Елена Шевченко.
Шараны ұйымдастырушылар Николай Рерихтің шығармалары – әлемдік өнердің мұрасы дейді. Және ол туындылар кез-келген жастағы көрерменге арналған.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»