СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚЫМБАТ ТҰРАДЫ

«Қарағанды Су» ЖШС – Қарағанды, Теміртау, Ақтас елді мекендері тұтынушыларына сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсетуші табиғи монополиялар субъектісі. 1958 жылы Қарағандыда сумен жабдықтау және су бұру Басқармасы құрылды. 2005 жылы 11 мамырда аталмыш басқарма «Қарағанды Су» ЖШС болып қайта құрылған.

— Суды тазарту – қиын әрі қымбат тұратын, еңбекті көп қажет ететін технологиялық шаралар кешені. Біздің компания күн сайын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін сапалы және қажетті көлемде қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырады, — дейді «Қарағанды Су» ЖШС Бас директоры Исаев Данияр Бауыржанұлы.

«Қарағанды Су» ЖШС теңгеріміне — жобалық қуаты тәулігіне 650 мың м3 су тазарту құрылыстары; ұзындығы 1 088 км су құбыры желілері; сумен жабдықтау сорғы станциялары 96 қондырғы: қуаттылығы тәулігіне 232 мың м3 ағынды суларды тазарту кешені; ұзақтығы 726 км кәріз желілері; 9 ағынды сорғы станциялары; 77 шақырымды әуе және кабельді электр желілері, 15 қосалқы станция; қатты отындағы 3 жергілікті қазандық кіреді.

Аталмыш компанияда бас аяғы 1750 адам жұмыс істейді. «Қарағанды Су» ЖШС Қ. Сәтпаев атындағы каналдан жылдық су алу көлеміне сәйкес бір жылда 62 млн. куб су алады.

Қ.Сәтбаев каналынан алынған су 16.03.2015 ж. № 209 Санитарлық ережелерге сәйкес бірқатар гидротехникалық құрылыстардың көмегімен барлық тазарту кешені өтетін су тазарту қондырғысына (СТҚ) жеткізіледі. Судың қауіпсіздігі дезинфекциялауды және суды физикалық-химиялық тазартуды қамтитын шаралар кешенімен жүзеге асырылады. Суды дезинфекциялау сұйық хлормен жүзеге асырылады, дезинфекциялау процесінде адам ағзасына зиянды микроорганизмдер жойылады. Бұл суды тазарту технологиясы тұрғындарды кепілдендірілген сапада сумен қамтамасыз етеді. Судың сапасын бақылауды «Қарағанды Су» ЖШС зертханасы санитарлықхимиялық, микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша тәулік бойы жүзеге асырады. Қарағандыдағы ауыз судың сапасын тек «Қарағанды Су» ЖШС зертханасы ғана емес, сонымен қатар санитарлықэпидемиологиялық қызметтің зертханасы да бақылайды. Ауыз судың сапасы 53 химиялық көрсеткіштермен анықталатын толық химиялық талдау арқылы бағаланады.

— «Қарағанды Су» ЖШС Қарағанды облысы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бұйрығымен бекітілген сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің тарифтеріне сәйкес жұмыс істейді. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде біз 685 км су құбыры желілерін ауыстырдық, бұл жалпы сумен жабдықтау желілерінің 65% құрайды. Ауыстыру жұмыстары магистральдық су құбырлары және көшеішілік тарату желілері бойынша жалғастырылуда. Ауыстырудың нәтижесі — сумен жабдықтау желілеріндегі апат деңгейінің төмендеуі. 2010 жылы — жылына 2800 апат орын алған болса, 2020 жылы желілерде — 1003 апаттық жағдай орын алған, яғни 2 есеге төмендеген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы соңғы 5 жылда (2016-2020) 66%- дан 63%-ға дейін төмендеді, — дейді компанияның Бас директоры Исаев Данияр Бауыржанұлы.

Тұтынушыға берілетін ауыз судың сапасына бақылауды «Қарағанды Су» ЖШС зертханалары сағат сайын — суды тазартудың барлық кезеңдерінде, яғни 79 көрсеткіш бойынша жүзеге асырады.

«Қарағанды Су» ЖШС-нің ауыз су сапасын бақылау зертханасында «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ 2015 жылдың 19 қарашасында ұсынған №29 «Зертханадағы өлшеу жағдайын бағалау туралы» сертификаты бар. Бұл куәгерлік құжат «Қарағанды Су» ЖШС-нің ауыз су сапасын бақылау зертханасы нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес өлшеу мен сынақ жүргізуге құзыретті екенін көрсетеді.

«Қарағанды Су» ЖШС жөндеу және инвестициялық бағдарламалар бойынша қаланың барлық аудандарындағы кәріз және су құбырларын ауыстыруды жүзеге асырады.

2021 жылға арналған жоспарға сәйкес, тығыз құрылысты қала жағдайында 3,5 км кәріз және 33 км сумен жабдықтау желілері ауыстырылуы керек. Бүгінгі күні жоспарланған жұмыстардың 50% -ы аяқталған.

— Жазғы уақыт – барлық коммуналдық қызметкерлер үшін ең маңызды кезең. Осы уақытты пайдаланып желілерді ауыстыру және жабдықтарды жаңарту бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Қарағанды бойынша 2021 жылы Б.Хмельницкий көшесі, Республика даңғылы 4-32, Степной-2 шағын ауданы 14-ші үйден 53-ші үйге дейін (бүгінде жұмыстар жүргізілуде), Минин көшесі, Сидорков (бүгінде жұмыстар жүргізілуде), Восток 5 27-28, 13 шағын ауданы, Локомотивная, Жеңіс көшесі 156 және тағы да басқа мекенжайлар бойынша сумен қамту желілері ауыстырылған.

Сонымен қатар, 2021 жылы кәріз желілері келесі мекенжайлар бойынша ауыстырылды: К.Цеткин көшесі (500 м), Семафорная көшесі (450 метр), Белинский көшесі 26 үй (300 м), Бұқар Жырау даңғылы 11- 13 үйлер маңайында (200 м).

Аружан АЛПЫСБАЙ