СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ЛАСТАНУЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Костенко шахтасы маңындағы елдімекен жұрты сол маңда ашылған өндірістің әрекетіне өкпелі. Целлюлозды қағаз шығару зауытының жұмысына күдіктенген жұрт, көп аурудың астары сол жақтан деп біледі. Қағаз зауытының іске қосылғанына шамалы ғана уақыт болған. Алайда жанындағы су қоймасы химиялық қалдықтардан лай батпаққа айналып үлгерген.

Шахта маңындағы шағын елдімекен тұрғындары бұрындары құндыз жүзіп, үйрек қонар суда бүгін тірі жәндік те қалмады дейді. Жұрттың пайымдауынша, өндірістің лас қалдығы құйылатындықтан су құрамы уланған. Дабыл қаққандар судағы аң мен құс былай тұрсын, жергілікті халықтың денсаулығына да қауіп төніп тұрғанын айтуда. Еленбей тұрған экологиялық мәселені тұрғындардың бірі былай деп баяндады:

— Осы зауыт жұмысын бастағалы бізден береке қашты. Төңіректе өте жағымсыз иіс тұрады, мүлдем шыдатпайды. Иіс әжетханадан шығып тұрғандай. Бұл зауыт жұрттан қағаздарды қабылдап, картонды қатты қағаз жасап шығарады. Өндірістің бар қажетсіз қалдығын суға төгеді. Барлық адамды бас ауруы мазалай бастады. Оған қоса, кешке құбырдан көтерілер күдікті түтін салдарынан тыныс алуымыз қиындауда. Кешкілік уақытта далаға шықсаң, дамылсыз жөтел пайда болады. Бұл су жерасты су көздерімен қосылып, өзге де жерлерге жайылмасына кім кепіл? Онда бір біздің ауыл ғана емес, қаншама адам зардап шегуі мүмкін ғой.

Құрамы күдікті суды мал да ішпей қойған. Ол аздай су беті көпіршіп жатады екен. Денсаулықтарына алаңдаған тұрғындар мәселені алдымен өздерінше шешуге талпынған. Тұрғындар санитарлық эпидемиологиялық қызметке де жүгінген, мұнда әкімдік өкілдері мен экологтардан жасақталған арнайы комиссия келді. Алайда, бұдан әзірге еш нәтиже шықпады дейді тұрғындар. 10 маусымда шағымдар бойынша жиын өткен. Алайда мараторийге байланысты тексерісті бірден бастап кету мүмкін болмаған. Сондықтан экология министрлігінен рұқсат сұралды деген Экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов:

«Майқұдық маңында халық тұратын жерге қалдық сулар төгіліп жатқандығы туралы ақпар түсті. Қарағанды облысының қоғамдық кеңесімен бірлесіп біз оның себептерін іздей бастадық. Қоғамдық кеңеспен хабарласып, жиналыс өткізіп, онда қағаз шығаратын комбинат жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Кір су сол жерден төгіледі екен. Қазіргі таңда тексеру әзірленіп жатыр. Оның нәтиежелерін біз хабарлайтын боламыз. Алдын ала түскен ақпарат бойынша, бұл әрекеттер заңсыз болып саналады. Нақтысын тексеру өткізген соң білеміз»,-дейді.

Егер экологтар жүргізген арнайы тексеріс барысында өнеркәсіптің қоршаған ортаға, су құрамына зиянын тигізіп жатқаны расталса, онда департамент сот тәртібімен оның қызметін тоқтататын болады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH.