Су айдындарын оттегімен байыту шаралары жүріп жатыр
Қарағандыда су айдындарындағы экожүйені сақтау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Қыс мезгілінде қалың мұз бен қар қабаты судың ауа алмасуын шектеп, оттегінің азаюына әкеледі. Бұл жағдай балықтардың тұншығып, қырылу қаупін күшейтеді. Осыған байланысты қаңтар мен наурыз айлары аралығында мамандар су айдындарын оттегімен байытуға арналған кешенді шараларды жүзеге асырып, балықтардың қауіпсіз қыстап шығуына жағдай жасауда.
Қыс айларында су айдынындағы мұз қалыңдығы бір метрге дейін жетеді. Су құрамындағы оттегінің деңгейін сақтап қалу үшін балық шаруашылығы инспекциясының мамандары әрбір 100 шаршы метрге орта есеппен 20-30 ойық қазады. Ойықтардың саны неғұрлым көп болса, су фаунасын сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Федоров су қоймасында алабұға, мөңке және тұқы балығы мекендейді, сонымен қатар торта, сазан және шортан да кездеседі. Су қоймасы резервтік нысан ретінде есептеледі және мұнда әуесқой балық аулауға рұқсат етілген. Балықтардың қырылуын болдырмау үшін мамандар су жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Қатты аяз кезінде мұздың толық қату қаупі жоғары болғандықтан, ойықтарға қамыс орнатылады. Бұл саңылаулардың қатып қалуына жол бермей, газдың шығуына және судың оттегімен қанығуына мүмкіндік береді.
– Кейде ойық қатып қалса да, қамыс оның толық жабылуына жол бермейді. Сол арқылы су айдындарындағы газдар сыртқа шығады, ал оттегі тікелей суға енеді, – деді Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Абай Әлжанов.
Судағы оттегінің мөлшері бір литрге шаққанда кемінде 9 миллиграмм болуы тиіс. Бұл талап судың экожүйесі мен су жануарларының өмір сүруі үшін өте маңызды.
– Қыс мезгілінде басты мақсатымыз – балықтың қырылуына жол бермеу. Су таза және бөгде иіссіз болған жағдайда балықтың жағдайы жақсы деп есептеледі. Осындай шаралар басқа су айдындарында да жүргізілуде, – дейді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының жедел тобының жетекшісі Батыр Қорықбаев.
Өңірде жергілікті маңызы бар 179 су айдыны және республикалық деңгейде маңызды екі су қоймасы орналасқан. Солардың 104-і табиғат пайдаланушылардың қарамағында.
Қанағат КҮЛШЕБАЕВА,
«QH»


