Студенттер ақселеу көрмесіне қатысты

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік дара тұлға» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Көрменің салтанатты ашылуы кезінде студенттер мен жастарға ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Құрметті журналисі Әли Тойжігітов пен халықаралық, республикалық ақындар айтысы мен фестивальдардың лауреаты, ақын, бард Қуаныш Мақсұтов сөз сөйлеп, Ақселеу Сейдімбек зерттеулерінің ерекшеліктері мен маңыздылығын айтты.

Ақселеу Сейдімбектей сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты танытуға арналған көрмені Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағанбетов құттықтау сөзбен ашты.

Білім алушылар А.Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильмді тамашалады.

– Қазақтың біртуар тұлғасы, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбекке арналған көрмеге келіп тамашалап, Алаштың Ақселеуінен қалған жәдігерлерді көріп, ғұламаның ғажайып әлемімен танысу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар, – деп Қуаныш ақын шаһар тұрғындарын көрмеге шақырды.

Шара аясында өткен дөңгелек үстел отырысында Әли Тойжігітов пен Қуаныш Мақсұтов студенттер мен жастарға А.Сейдімбекпен кездескен сәттері туралы естеліктер айтып, Алаштың Ақселеуінің қазақ халқының ұлттық құндылықтарын танытқан зерттеулеріне, шығармашылық еңбектеріне кеңінен тоқталды.