Ұстаздар қауымы бас қосты

Қарағандыда ұстаздар қатысуымен форум өтті. Онда интернет алаяқтыққа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыптары талқыланды.

Заманауи қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтықтың көбеюі. Осыған орай Қарағанды облысының педагогтары алаяқтықпен күресуге арналған форумда бас қосып, тақырыпты жан-жақты талқылады. Ішкі істер басқармасының қызметкерлері ұстаздарға интернет алаяқтардың азаматтарды алдау тәсілдері жайлы кең ақпарат беріп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақ болу қажеттігін ескертті. Тәртіп сақшылары интернет алаяқтықтың түрлерін түсіндіріп, күдікті жағдайлар туындағанда ақпаратты міндетті түрде тексеріп, полицияға хабарлау керегін баса айтты.

– Бүгінгі таңда интернет алаяқтар түрлі тәсіл арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденіп, оларды қаржылық шығынға ұшыратуда. Қарағандылық педагогтарға бұл мәселені түсіндіру маңызды, себебі, олар қоғаммен тығыз жұмыс істейтін азаматтар. Алаяқтардың алдауына түсіп қалмау үшін ақпаратты үнемі тексеріп отыру және полиция қызметкерлеріне хабарлау қажет, – деп түсіндірді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы Аслан Өскенбаев.

Форумға педагогтардың қатысуы кездейсоқ емес, өйткені олардың қоғамдағы беделі ата-аналар мен балалар арасында ақпаратты жеткізудің тиімді жолын қамтамасыз етеді. Мұғалімдер осындай маңызды тақырыптарды көтеру арқылы оқушылар мен ата-аналарды хабардар етіп, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтануға көмектеседі. Форумның екінші бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбы талқыланды. Бұл тақырып білім беру саласына тікелей байланысты, себебі, мектептерде ашықтықты, адалдықты насихаттау балаларды кішкентайынан дұрыс құндылықтарға баулуға ықпал етеді. Полиция департаментінің өкілдері сыбайлас жемқорлықтың теріс салдары туралы айтып, оны болдырмау үшін білім беру ұйымдарының рөлін ерекше атап өтті.

– Осы жылы біз білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді мақсат тұтып отырмыз. Бұл тек заңды ғана емес, сонымен қатар этикалық тәрбиені талап етеді. Білім беру ұйымдары балалардың бойында адалдық пен әділдікті сіңіре отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырады, – дейді Аслан Өскенбаев.

Форум барысында мемлекеттік қолдау ретінде бөлінетін бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану қажеттілігі де баса айтылды. Қаражаттың дұрыс игерілуі тек заңнама талаптарын сақтауға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сенімділікті арттыруға бағытталған. Осы мақсатта білім беру мекемелерінің басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және мемлекеттік сатып алулар бойынша оқытуды жалғастыру ұсынылды. Мұндай оқыту шаралары мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарына бөлінген қаржының орынды жұмсалуына және ашықтықты қолдауға септігін тигізеді. Форумда ұсынылған шаралар білім беру саласында адалдық пен ашықтықты қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және интернет алаяқтықтан сақтануға бағытталған. Мұндай кездесулердің қоғам үшін маңызы зор, себебі олар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»