Спорт ардагерлері бас қосты
Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында ардагер спортшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуда аймақтың спорт саласындағы өзекті мәселелері талқыланып, бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдерді спортқа тарту және саланың болашағына қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Жиынға өңірге танымал жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар өңірдегі спорт инфрақұрылымының жағдайы, жастар арасында спортты кеңінен насихаттау және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелерін ортаға салды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі спорттық инфрақұрылымды жетілдіру мен балалар және жасөспірімдер спортын дамыту болды. Қатысушылардың пікірінше, жастарды спортқа баулу олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жауапкершілікке, тәртіпке және табандылыққа тәрбиелейді.
Жиын барысында елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар мәселесі де қозғалды. Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Халел Мақсұтов бұл өзгерістердің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып өтті. Оның айтуынша, конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.
– Қазіргі жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістер қоғамның барлық саласына әсер етеді. Бұл реформалар азаматтық қоғамның дамуына жол ашып, қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер спорт саласына да оң ықпалын тигізеді. Әсіресе, бұқаралық спортты қолдау мен жастарды салауатты өмір салтына баулу бағытында жаңа мүмкіндіктер қалыптасады, – деді Халел Мақсұтов.
Кеңес барысында сөз алған еңбек сіңірген жаттықтырушы, Теміртау қаласы спорт қауымдастығы мен ардагерлер кеңесінің жетекшісі Кемелбек Сүйімбаев та жастар тәрбиесінде спорттың рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның пікірінше, спорт тек жарыста жеңіске жетудің жолы ғана емес, ол жас буынның мінез-құлқын қалыптастырып, еңбекқорлық пен тәртіпке баулитын маңызды құрал.
– Бүгінде жастар спортын дамыту басты міндеттердің бірі. Балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау күшейсе, болашақта ел намысын қорғайтын спортшылардың жаңа буыны қалыптасады, – деді Кемелбек Момынұлы.
Ал жекпе-жек спорты бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушы Сабиолла Әлкеев жастарды бұқаралық спортқа кеңінен тартудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, спорттық инфрақұрылымды дамыту және тәжірибелі жаттықтырушылардың білімін тиімді пайдалану жас спортшылардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жиын соңында спорт ардагерлері саладағы өзекті мәселелерге қатысты бірқатар ұсыныстарын білдіріп, жастар спортын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау қажеттігін айтты.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

