Соттылық туралы анықтама алу тәртібі және оның маңыздылығы
Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасу кезінде немесе басқа да маңызды жағдайларда соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама алу – маңызды үдеріс. Бұл анықтама – жұмыс берушілер үшін маңызды құжаттардың бірі. Оны алу тәртібі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті және оның аумақтық органдары арқылы жүзеге асырылады.
Анықтаманы келесі жолдар арқылы алуға болады:
eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
Мемлекеттік корпорация («Азаматтарға арналған үкімет») бөлімшелері арқылы.
Қызмет көрсету мерзімі стандартты жағдайда 10 минутты құрайды, алайда қосымша тексерулер қажет болған жағдайда бұл мерзім 5 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
Егер соттылық туралы анықтама шет елде пайдаланылатын болса, оны апостильдеу қажет болуы мүмкін. Апостиль – құжаттың заңдылығын растайтын халықаралық мөр. Бұл қызметті алу үшін құжаттар Бас прокуратураның аумақтық органдарына ұсынылады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының дерекқорында құқық бұзушылықтар туралы барлық ақпарат сақталады. Бұл деректер мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде беріледі. Сонымен қатар, адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтерді де осы мемлекеттік қызмет арқылы алуға болады.
Өткен жылы Қарағанды облысында 4 392 соттылық туралы анықтама беріліп, 730 архивтік анықтама дайындалды, ал 2 құжат апостильденді. Бұл көрсеткіштер аталған қызметтің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Осы мемлекеттік қызметтерді пайдалана отырып, өзіңіздің құқықтарыңызды қорғаңыз және қажетті анықтамаларды жылдам әрі ыңғайлы түрде алыңыз!
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»
Фото ашық дереккөзден