СОТТАЛУШЫЛАРДЫ АНЫҚТАЙТЫН БИОМЕТРИКАЛЫҚ ТЕРМИНАЛДАР ОРНАТЫЛДЫ
Темір тордан босатылған адамдардың өмірі, қоғамға қайта бейімделуі және өзгелерге қауіп тигізбеуі – пробация қызметкерлерінің басты назарындағы іс.
2017 жылы «Пробация туралы» ҚР Заңының енгізілуімен ҚР ІІМ ҚАЖК Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аумақтық пробация қызметтерінің өкілдеріне жаңа жауапкершілік артылды. Яғни, қоғамнан оқшаулауға байланыссыз жазаға тартылған тұлғалардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау тәуекелдерін алдын алу функциялары берілді және аталған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетілуге ықпал ету жөнінде шаралар өткізу жүктелді.
— Пробация қызметін тиісті деңгейде жүргізу үшін және қауіпсіз қоғам құру мақсатында жаңадан жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтар тәуекелдерін төмендету қажет. Ағымдағы жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық прокуратурасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен Қазыбек би ауданында орналасқан пробация қызметінің учаскелерінде заңға қайшы әрекеттерін төмендетуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде қоғамнан оқшаулауға байланыссыз сотталғандарды тіркеуге алу үшін биометрикалық терминалдар орнатылғанын атап өтсек болады.
Бұл құрылғылар саусақтың ұшын тигізу арқылы сотталғандар туралы барлық ақпаратты — құжатының нөмірі, есепте тұрған тұлғаның фотосуреті, ұлты, жазасын өтеу мерзімі, сотталу себебін беріп отырады. Аталған терминал тіркеу уақытын да үнемдеуге мүмкіндік береді, — дейді «Қазыбек би аудандық пробация қызметінің» басшысы, әділет подполковнигі Әсем Алибаева.
Бүгінгі күні пробация есебінен 650 адам өткен. Ал ағымдағы уақытқа дейін 366 адам есепке алынған. Оның ішіндегі 160 адам — заңға қайшы әрекет етудің төменгі тәуекелінде. Сондықтан, биометрикалық терминалдардың енгізілуі көрсетілген тұлғаларға өз жеңілдігін берді. Себебі олар аппаратқа саусақ ізін қоя оты рып, тіркеу күні мен уақытын белгілеп отырса, жетіп жатыр.
Жұмыс жүргізудің бұл әдістемесі – заң бұзушы мен инспектордың профилактикалық сұхбат өткізу уақытын үнемдейді. Бұрын пробация қызметкерлері үлгі бойынша арнайы бланктерді толтыруға және оларды есепте тұрған тұлғаның ісіне тігуге тиіс болғандықтан, кем дегенде 15-20 минут уақыт жұмсайтын болған.
— Аталған әдістеменің маңыздылығына байланысты және ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша көрсетілген пилотты жобаны енгізу нәтижелеріне жүргізілген талдау барысын ескере отырып инспекторлық құрамның қайта қылмыстар жасауға бейім тұлғаларға қатысты профилактикалық шаралар жүргізу мүмкіндігін арттырып, есепте тұрған тұлғалар арасында жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар тұрақтанды деп айтуға болады,- дейді Әсем Аманғазықызы.
Ал биометрикалық терминалдардың сипаттамасы бұл қызметте айрықша көмектеседі. Мәселен:
— қайтадан жасалатын қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында есепте тұрған тұлғалармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстың тиімді және пәрменді жүйесін құру;
— сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету;
— пробация қызметтері инспекторларының бақылау жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыру;
— бұлтартпау шараларын қолдану;
— қоғамда заңды сыйлау тәртібін қалыптастыру;
— пробация қызметтерінің қызметкерлері мен сотталғандар арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмектің негізгі бағыты — білім алуға, кәсіп меңгеруге, жұмысқа орналасуға, ем алуға, психологиялық қолдауға, құқықтық жәрдеммен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл іс-шаралар кешені заң бұзушы адамдарға азаматтық қоғам шеңберінде, өз отбасында және жақындарының ортасында түзелуге мүмкіндік береді.
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының пробация қызметі тұлғаларға тек іскерлік бағытта емес, моральдық және материалдық бағытта да қол ұшын созады. Мысалы, ағымдағы жылдың мамыр-шілде аралығында үстінен қылмыстық іс қозғалған кәмелет жасқа толмаған азаматқа 50 000 теңге сомаға азық-түлік және басқа да қажетті заттарды сатып алу үшін 5 сертификат табысталған.
Қарағанды қаласындағы пробация қызметінің жетістіктері мен оң нәтижелері баршылық. Пробация қызметкерлері алдын алу жөніндегі жұмыспен қатар түрлі жазалар бойынша есепте тұрған адамдарға әлеуметтікқұқықтық көмек алуға ықпал ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады. Жоспарды толық орындап, іске асыруға жергілікті атқарушы және үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз қарымқатынас орнату нәтижесінде қол жеткізіледі.
Айта кетелік, Қарағанды қаласының Қазыбек би және Октябрь аудандарының пробация қызметтері есепте тұрған, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріне сотталғандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар мен қайта қылмыстың алдын алу, сондай-ақ іздеу жарияланған сотталғандардың тұрғылықты жерін аныктау мақсатында 11-13 тамыз аралығында, жергілікті полиция қызметімен бірлескен «Подучетник» жеделпрофилактикалық іс-шарасын өткізеді.
— Бұл іс-шараның басты мақсаты — пробация қызметі есебінде тұрған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріне сотталғандардың жаза өтеп жүріп, пробация қызметі бақылауынан жалтаруының, құқық бұзушылық пен қайта қылмыс жасауының алдын алу және сотталғандармен тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, оларға өз құқықтарымен жауапкершіліктерін түсіндіру. Осы іс-шара есептегі азаматтарды дұрыс жолға салып, олардың қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруда оң ықпалы болады деген сенімдеміз, — деп қорытындылады «Қазыбек би аудандық пробация қызметінің» басшысы Әсем Аманғазықызы.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»